Қазақтың дәстүрлі ән өнері – ұлт рухының темірқазығы, халықтың жан дүниесінің айнасы. «Білім қазына» жобасы аясында өткен сұхбатымызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық өнердің ұлағатты ұстазы, дәстүрлі әннің дарабозы Сәуле Жанпейісовамен ұлттық өнердің өткені мен бүгіні, ұмыт қалған мұралар мен ұрпақ жалғастығы жайында кең көлемде сырластық.

Сұхбат барысында Сәуле апай Мұхит Мерәліұлының терең сазға толы «Жайма қоңыр» әнін орындап беріп, оның тарихына арнайы тоқталды. Бұл әнде байқалатын сергектік пен сабыр, өрлік пен іштей тұншығып жатқан мұң — қазақ мінезінің көрінісі. Әнде кездесетін «тәкәппарлық» ұғымына да Сәуле апай өз көзқарасын білдірді.

Сұхбаттың арқауы – әннің табиғаты мен халықтың болмысы болды. «Ән – қазақтың мінезі. Ән арқылы біз даланың тынысын, адамның болмысын, рухтың кеңдігін сеземіз» дейді Сәуле Жанпейісова. Бұл сөздердің айғағындай, сұхбатта ол өзі жазған «Алатау» атты әнін де шырқап берді. Кең тынысты, тау мен елдің арасын жалғаған бұл әуен тыңдарманды еріксіз елестің құшағына жетелейді.

Сәуле Жанпейісова әнмен бірге ән мұрасының шежіресін де жаңғыртып келеді. Сұхбат барысында ол А.В. Затаевичтің қазақ әндерін қалай жинағаны, сол жинақтағы 700-ге жуық әннің бүгін сахнадан неге тыс қалып жатқаны жайында ой бөлісті. «Құмның арасында жылтырап жатқан алтын сияқты ғой әрбір ән. Затаевич сол алтынды сүзіп жинады. Бірақ сол алтынның көбі бүгін көмескі күйде жатыр», – дейді ол. Халық жадында ұмыт қалған әндерді сахнаға қайта алып шығу — бүгінгі буын әншілерінің, зерттеушілерінің, өнер жанашырларының парызы екенін баса айтты. Экранда дәстүрлі ән өнері көп насихатталса деген тілегін білдірді.

Тек Затаевич емес, Ерзакович секілді өзге де жинаушылардың еңбегіне тоқтала отырып, Сәуле апай өзі де сол мұрағаттарды ақтарып, елге қайта ұсыну жолында еңбек етіп жүргенін айтты. Жаңа буынға соны жеткізудің бір жолы — ғылыми әрі көркем еңбектер жазу. Биыл мерейтойы қарсаңында тыңдарманға арналған үш кітабын дайындап отырғанын айтты. Бұл еңбектер – әннің шығу тарихынан бастап, орындау ерекшелігіне дейін қамтитын шынайы мұра болмақ.

Сәуле Жанпейісова ұстаздық жолы туралы да шынайы пікірін білдірді. Шәкірт тәрбиелеу – тек ән үйрету емес, ұлттық болмысты дарыту дейді ол.

Сұхбат ұлттық өнердің тағдыры, жаһандану кезіндегі сын-қатерлер, сахнадан шет қалған халық әндері туралы өрбіді. Сәуле апайдың өзі орындаған әндерімен, терең мағыналы ойларымен әр сөзінде ұрпаққа аманат етер асыл рухты жеткізе білді. Әр ән, әр әуен – тек саз емес, тарих, мінез, болмыс.

Осы сұхбат арқылы біз ұлттық өнердің жүректен-жүрекке жететін тірі тамыр екенін, оны сақтап қалу тек әншінің емес, тұтас ұлттың жауапкершілігі екенін ұғындық. Сәуле апайдың өмір жолы, өнерге адалдығы, ұстаздық қызметі – бүгінгі және келер буын үшін үлкен өнеге.