Бала тәрбиесі – бір күннің шаруасы емес, ұрпақтың тағдырын шешетін ұзақ әрі нәзік үдеріс. Бұл – өнер. Бұл – жауапкершілік. Бұл – әр дәуірге сай икемделіп, әдіс-тәсілін жаңартып отыруды талап ететін ілім. Зарья Восток мешітінің бас имамы Қазбек Ахметовпен өткен подкастымызда осы өзекті тақырып кеңінен қозғалды.

Имамның айтуынша, бала тәрбиелеу – жүректен жүрекке жететін жұмыс, яғни тек бұйрықпен, жазамен немесе материалдық молшылықпен шектелмейді. «Тәрбие – үлгі арқылы жүреді. Ата-ана қандай болса, бала да соған ұқсап өседі», – дейді ол.

Имам Қазбек Ахметов қазіргі кезеңнің баласы бұрынғыдай емес екендігін алға тартты. Бүгінгі бала – технократ ұрпақ. Смартфон, планшет, TikTok, Instagram – олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Осы тұрғыда имам:

“Гаджетке телмірген бала – әке-шешенің мейірімін, шынайы сырласуды, махаббатты сағынып жүр. Ол жоқ болса, бала ішкі күйзелістен құтыла алмайды. Суицид, азғындық, жыныстық бұзылыс секілді қауіптер – сол вакуумнан шығып жатыр,” – дейді.

Сұхбат барысында Құрандағы Лұқман сүресіне де арнайы тоқталдық. Лұқман Хәкімнің ұлына айтқан насихаты – барша ата-анаға жол. Имам осыны мысал ете отырып, тәрбие – бұйырумен қатар үлгі көрсету екенін айтты. Мысалы, балаға «намаз оқы» деп бұйырып қана қоймай, ата-ана өзі де намазды бірге оқып, үлгі болуы тиіс.

Қазбек имамның айтуынша, кейбір жасөспірімдер ата-анасына сырын ашпайды. Ондай кезде аға-әпке, жеңгесі, немесе отбасыға жақын, сенімді үлкендердің рөлі маңызды.

“Бала бәрін іште сақтаса, жарылар күн де алыс емес. Қатігездікке бару, үйден безу, жыныстық бағыттың ауытқуы – бәрі баланың ішкі жарасын ешкім тыңдамағаннан болады”, – дейді имам.

Имамның сөзінен ұққанымыз – балаға қаталдық та, мейірім де өз орнымен керек. Балаға:
• Қателесуге мүмкіндік беру;
• Өзіне сенуге жол ашу;
• Шешім қабылдауға ерік беру;
• Мақтау мен сынның тепе-теңдігін сақтау маңызды.

Бұл Ибраһим пайғамбардың Исмаилмен ақылдасып, құрбандыққа шалу туралы мәселені баласымен бірге шешкенінен де көрініс табады.
Имам Қазбек:

“Комфорт заманында балаға бәрін дайын күйде беру – болашағын жою. Ол еңбек етуді, тырысып, тер төгуді үйренуі керек. Ақшаның, еңбектің, өмірдің құнын түсінуі қажет” – дейді.

Сондықтан балаға қалта ақша тауып үйренуге, кішігірім жұмысқа жегуге, жауапкершілікке тартуға мүмкіндік жасау қажет.
Сұхбаттың түйіні ретінде имам:

“Балаға үнемі ұрсу – жүрегін тас қылады. Тыңдап үйрену – үлкен сауап. Баламен сырласу – оның жанын емдейді,” – деген ойды айтты.

Мектептегі буллинг, жасөспірімдік депрессия, жалғыздық – мұның бәрі баланың ішкі дүниесімен тұрақты жұмыс жүргізбегеннен болады. Сол үшін ата-ана қатал тәрбиеші емес, сенімді жанашыр бола білуі керек.

Бала тәрбиесі – өнер. Бұл – Алланың алдында жауап беретін үлкен аманат. Заманы басқа болса да, баланың жүрегі өзгермейді. Оған – махаббат, назар, үлгі және шынайы сұхбат керек. Аталмыш подкаст – осы жолда бізге бағдаршам болары анық.