Бүгін Астанадағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) кеңсесінде Ислам әлемінің белгілі ғалымы, шейх Ахмад әт-Тайыбтың «Ислам дініндегі негізгі ұстанымдар» атты еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Бұл шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған бірқатар дін және қоғам қайраткерлері қатысты. Бас мүфти өз сөзінде бұл кітаптың қоғамдағы діни сауаттылықты арттыруға және исламның шынайы құндылықтарын насихаттауға зор үлес қосатынын атап өтті.

Жиынға арнайы келген қонақтардың ішінде Ислам әлеміне танымал ғалым, доктор Мұхаммед әд-Дуайни және Мұсылман Ақсақалдар Кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абдельсалам да болды. Олар кітаптың маңызына айрықша тоқталды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің бас үйлестірушісі Дархан Қыдырәлі де сөз алып, бұл еңбектің қазақ тілінде жарық көруінің маңыздылығын атап өтті.

«Ислам дініндегі негізгі ұстанымдар» кітабының қазақ тіліне аударылып, тұсауы кесілуі – Қазақстанның рухани дамуы мен діни келісімді нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл еңбек алдағы уақытта көптеген оқырманның сүйікті кітабына айналып, олардың діни танымын тереңдете түсері сөзсіз.

Айта кетерлігі, осы маңызды еңбекті қазақ тіліне аударуға Мұсылман ақсақалдар кеңесі мұрындық болды. Бұл бастама Қазақстанның рухани дамуы мен діни келісімді нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.