«Bilim Qazyna» қоғамдық қоры барша отандасымызды, ұстаздар мен шәкірттерді, ата-аналарды бүгінгі жарқын мереке – Білім күнімен шын жүректен құттықтайды!

Бұл күн – тек жаңа оқу жылының бастамасы ғана емес, сонымен бірге адамзатты кемелдікке жетелейтін ұлы құндылық – білімге деген құрметтің белгісі. Ислам дінінде білім алу – әрбір мұсылманға парыз етілген қасиетті амал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Бесіктен бейітке дейін білім іздеңдер», – деп өсиет еткен. Бұл – білімнің шекарасы мен шегі жоқ екенін, оған ұмтылу – өмір бойы жалғасатын рухани сапар екенін білдіреді. Қасиетті Құранда «…Раббым, білімімді арттыра гөр!» – деп айт» (Таһа сүресі, 114-аят) бұл – Алла Тағаланың Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және барша мұсылмандарға үйреткен дұғасы.

«Bilim Qazyna» қорының негізгі миссиясы – осы рухани сапарда жастарға жол сілтеп, олардың заманауи ғылымды игеріп қана қоймай, имандылық пен ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға болып қалыптасуына ықпал ету. Жаңа оқу жылының табалдырығында тұрған барша шәкірттерге таусылмас талап, сарқылмас жігер тілейміз. Әрбір ашылған жаңалық, әрбір оқылған кітап жүректеріңізге иман нұрын себелеп, ой-өрістеріңізді кеңейтсін.

Қадірлі ұстаздар! Сіздердің шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбектеріңіз – ұлтымыздың рухани тұтастығы мен болашағының кепілі. Алла Тағала еңбектеріңізге береке беріп, шәкірттеріңіздің жетістігін көруді нәсіп етсін!

Жаңа оқу жылы баршамызға құтты болсын! Алған білімдеріңіз еліміздің игілігіне жұмсалып, иманыңызды нұрландырсын!

Ізгі ниетпен,«Bilim Qazyna» қоғамдық қоры.