Бүгін Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің қабырғасында «Рухани дипломатия мен әлемдік және дәстүрлі діндердің қасиетті мұрасын сақтау» тақырыбында халықаралық деңгейдегі дөңгелек үстел өтті. Маңызды жиынға отандық және халықаралық деңгейдегі белгілі дін және қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен депутаттар қатысты.

Іс-шараның шымылдығын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің Бас үйлестірушісі Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі ашып, қазіргі замандағы рухани дипломатияның рөлі мен оның әлемдік тұрақтылықты сақтаудағы маңыздылығына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде дінаралық татулық пен өзара түсіністікті нығайтуда мұндай диалог алаңдарының маңызы зор екенін атап өтті.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Ахмед Хусейн Мухаммед Ибрахим мен Конфессияаралық жəне дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жалелұлы Бакиров сүбелі ойларымен бөлісіп, тақырыптың өзектілігін арттыра түсті.

Жиында Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Орталық Азиядағы кеңсесінің басшысы Абдунаим Сейдмұхаммедтің баяндамасы ерекше назар аудартты. Ол араб әлемінің рухани дипломатияға деген көзқарасын таныстырып, оның нақты нәтижелері туралы ой бөлісті.

«Рухани дипломатия аймақтағы діни алауыздықты бәсеңдетіп, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосты. Діни көшбасшылар арасындағы диалог шиеленістерді азайтып, келісімге жол ашты. Сонымен қатар, бұл тәсіл қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға, әлеуметтік-саяси қайшылықтарды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік берді. Халық арасында ықпалды діни институттардың рөлін тиімді пайдалану – ішкі татулықтың негізіне айналды», – деді Сейдмұхаммед Абдунаим.

Қорытындылай келе, дөңгелек үстел қатысушылары рухани дипломатия мен қасиетті діни мұраны сақтаудың ортақ жолдарын талқылап, бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті. Бұл шара Қазақстанның әлемдік деңгейдегі дінаралық диалог орталығы ретіндегі рөлін тағы да бір айшықтай түсті.