Каллиграфия – адам баласының көркемдікке деген құштарлығынан туған өнер. Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы ижаза иегері, құснихат және каллиграфия маманы Асылбек Орынбасар Байзақұлының пікірі. Ол каллиграфияны жай ғана әдемі жазу емес, адамның ішкі тынысымен тікелей байланысты рухани тәрбие құралы ретінде сипаттайды. «Әріптер – жай белгілер емес. Олардың да табиғаты, мінезі, тіпті тынысы бар. Қалам мен қағаздың арасындағы үнсіз диалог арқылы адам өзінің ішкі әлемімен сырласады», – дейді ол.

Асылбек Байзақұлының айтуынша, каллиграфия – ұстаздан шәкіртке үзілмей жететін тізбекті өнер. Бұл салада интернеттен қарап, көшіріп жазып үйрену – қате түсінік. Себебі, онлайн кеңістікте жүрген үлгілердің көбі дұрыс емес, олардың ішінде әріптердің арасалмағы, пропорциясы мен аяқталу техникасы жиі бұзылған. «Каллиграфия – көру арқылы емес, үйрену арқылы игерілетін өнер. Ұстаздың қасынан өтіп, бір мәтінді айлап жазып, қатесін түзеп барып, келесі мәтінге рұқсат алу – бұл дәстүр. Қазір бір мәтінді алты айда үйренетіндер сирек. Алты айдан соң ғана ұстаз шәкіртіне рұқсат беріп, келесі мәтінге көшуіне мүмкіндік береді. Бұл – сабыр мен табандылық мектебі», – дейді Асылбек.

Каллиграфиядағы ең маңызды ұғымдардың бірі – ижаза. Бұл – кәдімгі құжат, рұқсат қағазы. Бұл – ұстаздың шәкіртке толық сенім артып, сол жазу стилін келесі буынға таза күйінде үйретуге рұқсат беруі. Ижаза – өнердің шынжырлы берілу жолы. Әр хаттат өз ұстазын айтып отыруы осыдан.

Асылбек Байзақұлы – ижаза иегері ғана емес, сонымен қатар өзі де бірнеше шәкірт тәрбиелеп отырған білікті маман. Оның айтуынша, жастар арасында каллиграфияға деген қызығушылық бар, алайда олар бұл өнерді жеңіл үйренуге болады деп ойлайды. Негізінде бұл – көп еңбек пен ұзақ машықты қажет ететін терең өнер. «Көшіру – каллиграфияның алғашқы сатысы» дейді.

Құснихаттың қазақ даласында да терең ізі бар. Көнеден келе жатқан құлпытастар мен кесенелерге қашалған жазу – сол рухани мұраның куәсі. Бұл – ислам өркениетінің қазақ жеріндегі бедерлі көрінісі. Асылбек мырза: «Біздің жерімізде де бұл өнер болған. Бірақ оны сақтау, дамыту, қайта жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың міндеті», – дейді.

Бүгінгі күні каллиграфияға арналған көрмелер мен шеберлік сабақтары жиілеп келеді. Жақында өткен «Құснихат: Орталық Азиядағы ислам каллиграфиясы» атты көрме – осы бағыттағы үлкен жетістіктің бірі. Асылбек Байзақұлының айтуынша, бұл өнерге тек шығармашылық ретінде қарамай, рухани тәрбие мектебі ретінде мән берген жөн. Ол алдағы уақытта арнайы шеберханалар ашып, шәкірттерді жүйелі түрде дайындау, каллиграфияға арналған оқулықтар мен көрмелер ұйымдастыруды көздеп отыр. Сонымен қатар Шымкент пен Астанадағы үлкен мешіттердің ішіне жазған құран аяттары мен хадистері де оның өнер жолындағы ең үлкен жетістіктерінің бірі саналады.

Қорыта айтқанда, каллиграфия – адамды көркемдікке емес, кісілікке тәрбиелейтін өнер. Асылбек Байзақұлы – осы өнерге жүрегін берген, рухани дән еккен тұлға. Оның әр сөзі мен әр ісі – тек әдемі жазудың емес, әдемі жүректің көрінісі. Каллиграфия – көзбен көретін емес, көңілмен ұғынатын өнер. Ал оны шын жүрекпен меңгерген адам – ең әуелі сабыр мен кешірімділікке жетеді.