Парижде Республика күніне және қазақтың көрнекті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың алдағы 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мәдени кеште оның танымал туындылары алғаш рет француз тілінде шырқалды.

«Шәмші әлемі» мен Болат Өтемұратов қорларының мұрындық болуымен, сондай-ақ Қазақстанның Франциядағы елшілігінің қолдауымен өткен концертте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері мен композитордың ұрпақтары өнер көрсетті.

Француз жұртшылығы, қазақ диаспорасы, дипломаттар мен іскерлік топ өкілдері жиналған 200-ге жуық көрермен назарына «Әнім сен едің», «Ана туралы жыр», «Қайдасың» және «Бақыт құшағында» сынды туындылар ұсынылды. Шетелдік тыңдармандар қазақ музыкасының рухани тереңдігі мен шекара талғамайтын ерекше әуеніне жоғары баға берді. Айта кетейік, Мадридте бастау алып Франция астанасында сәтті жалғасқан «Shamshi 100» халықаралық мәдени жобасы аясындағы келесі концерт Нью-Йорк қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.