17 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 80 жыл толуына орай ауқымды салтанатты жиын өтті.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жиында отандық ғылымды дамытудың жаңа бағдарлары таныстырылып, ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу, технологиялық тәуелсіздікті нығайту және жас ғалымдарды қолдау мәселелеріне басымдық берілді.
1946 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен іргетасы қаланған Академияның мерейтойына мемлекеттік орган өкілдері, шетелдік ғылым академияларының басшылары, жетекші отандық және шетелдік ғалымдар мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Шара барысында ғылымның даму кезеңдерін қамтитын мультимедиялық таныстырылым ұсынылып, ҰҒА тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 3D-голограммасы көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты жиынды ашқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді. Президент өз сөзінде Академияның елдің индустриялық, экономикалық және зияткерлік әлеуетін нығайтудағы тарихи рөлін ерекше атап өтіп, жаңа заңнамалық өзгерістер аясында білім, ғылым және инновацияны өркендету мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілгенін баса айтқан. Өз кезегінде ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев қазіргі басты мақсат – ғылымды жекелеген зерттеулер жиынтығынан ел экономикасының нақты қажеттіліктеріне жауап беретін біртұтас жүйеге айналдыру екенін жеткізді.
Академия бастамасымен өткізілген 75-тен астам өңірлік және салалық форсайт-сессия қорытындысы бойынша 220-ға жуық перспективалы міндет анықталып, 2027 жылдан бастап қолданысқа енгізілетін ғылыми басымдықтардың 4 деңгейлі моделі әзірленді. Бұған қоса су ресурстарын басқару, сейсмикалық қауіпсіздік, стратегиялық минералдар, энергетика, ауыл шаруашылығы және биотехнологиялар бағыттарында флагмандық бағдарламаларды іске асыру көзделген. Сондай-ақ жасанды интеллектіні зерттеулерге енгізіп, «Qazaqstan AI for Science» ұлттық экожүйесін дамыту басты міндеттер қатарына енді.
Мерейтой аясында ғылым жолын таңдаған 5 жас маманға Мемлекет басшысының атынан тұрғын үй сертификаттары табысталды. Сонымен қатар отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан жетекші ғалымдар алғаш рет «Қаныш Сәтбаев» медалімен марапатталса, Қытай, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия ғылым академияларының басшыларына 80 жылдыққа арналған мерейтойлық төсбелгілер табыс етілді. Кеш қонақтары ҚР Президенті Архивімен бірлесіп әзірленген, бұрын-соңды жарияланбаған құжаттар мен суреттер топтастырылған тарихи-құжаттық көрмені де тамашалады.
