Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақ тәрбиесі, заманауи технологиялар және кітап оқу мәдениеті жайында кеңінен сөз қозғады.

Президент өз сөзінде өткен аптада елордада өткен халықаралық «AI & Digital Bridge 2026» форумы мен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысына тоқталып, Қазақстанның бұл саладағы жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ Астанада алғаш рет ұйымдастырылған «Astana AI Film» кинофестиваліне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект кино өндірісінің дәстүрлі қағидаларын өзгертіп, мамандарға продюсерлер мен демеушілерге тәуелсіз, сапалы әрі дербес туындылар жасауға  мүмкіндік берілгенін жеткізді.

Сонымен қатар Президент технология қарыштап дамыған заманда да кітап оқудың рөлі мен маңызы  төмендемейтінін баса айтты. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана» деген қанатты сөзін мысалға келтіре отырып, кітаптың білімпаздыққа, парасаттылық пен еңбекқорлыққа тәрбиелейтін құндылық екеніне тоқталды.

«Кітап оқу — азаматтарды, әсіресе, жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, биыл мамыр айында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» арнайы Жарлыққа қол қойылған болатын. Осы бағыттағы жұмыстарды кешенді түрде жүзеге асыру үшін Үкімет жыл соңына дейін тиісті тұжырымдама қабылдайды.