Ұлттық музыкалық аспаптарды әдетте аң немесе мал терісімен қаптайтыны белгілі. Алайда атыраулық қолөнерші Нұрсұлтан Қалиев бұл дәстүрге жаңашылдық енгізіп, қобызды балық терісімен қаптап шықты.

Ағаш пен темірден небір бірегей бұйымдар жасайтын шебер бұл ерекше туындысын дайындауға бір жылға жуық уақыт жұмсаған. Қолөнерші балық терісінің беріктігін сынау мақсатында оны өңдеудің өзіндік тәсілін қолданған. Мұқият тазаланған жайын терісі бүлініп кетпесі үшін арнайы тұздалып, күнге кептіріліп, бірнеше кезеңнен тұратын өңдеуден өткен. Автордың айтуынша, аспаптың пішіні де балық пен уылдырыққа ұқсатылып жасалған. Ең бастысы, жайын терісі қобыздың үніне ерекше реңк берген. Кәсіби музыканттар жаңа аспаптың үнін жоғары бағалап, одан әдеттегідей аңыраңқы дыбыс емес, өте жұмсақ, қоңыр әрі нәзік «ішкі дауыс» сезілетінін атап өткен.

Шебер өз бұйымдарының басым бөлігін уақыт өте келе қатая түсетін әрі табиғи түсімен ерекшеленетін жергілікті қарағаштан жасайды. Алдағы уақытта ол Атырау өңірінде көп кездесетін бекіре және басқа да қызыл балық түрлерінің терісін пайдаланып, жаңа музыкалық аспаптар жасауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар тарихи бұйымдарға ерекше қызығатын қолөнерші көне Сарайшық тарихымен байланысты, дәл бір археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылғандай әсер қалдыратын жәдігерлер сериясын жасап шығаруды көздейді.

Бүгінде Нұрсұлтан Қалиевтің ұлттық нақыштағы бұйымдарына деген сұраныс жоғары. Ол Қазақстанның әр өңірінде және шетелдерде өтетін көрмелерге тұрақты қатысып келеді. Қолөнерші бұйым жасау процесінің қаншалықты күрделі әрі ұзақ болғанына қарамастан, халықтың қызығушылығын арттыру мақсатында бағаны барынша қолжетімді деңгейде ұстауға тырысатынын жеткізді.