Елордада 18–22 қараша күндері Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) конкурдан Әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалы өтеді.

Елордадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінің жабық манежінде ұйымдастырылатын халықаралық сайыс Еуразия құрлығының жетекші шабандоздарының басын қоспақ. Жарысқа Еуразиялық лиганың жалпы рейтингі бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен 40 үздік спортшы қатысады. Жалпы квота 60 адамды құрайды, оның ішінде қабылдаушы мемлекет ретінде Қазақстанның атынан 10-ға жуық шабандоз бақ сынайды. Бұдан бөлек, Еуразиялық ат спорты қауымдастығының (EEA) шетелдік спортшыларға қосымша шақырту жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Байрақты бәсекеге қатысу үшін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Иран, Әзербайжан, Армения, Грузия, Молдова, Ресей және Түрікменстан елдерінің ұлттық федерацияларына арнайы шақырту жіберілді.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, мұндай ауқымды жарыстың елорда төрінде өтуі отандық ат спортын дамытуға тың серпін береді. Халықаралық турнир қазақстандық шабандоздардың шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, кәсіби шеберлігін шыңдауына жол ашып қана қоймай, Астананың ірі спорттық іс-шаралар орталығы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түспек.