Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонды жаңадан тағайындалған «Qoja Ahmet Yasaui» орденімен марапаттады.
Мемлекет басшысы бұл салтанатты рәсімнің терең символикалық мәні бар екенін атап өтіп, қазақ және тәжік халықтарын ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, рухани үндестік пен ортақ тарихи тағдыр байланыстыратынын жеткізді. Президент өз сөзінде Ислам қайта өрлеу дәуірінің көрнекті тұлғасы Қожа Ахмет Ясауи мұрасының маңызына арнайы тоқталды. Ұлы ғұламаның әділет, мейірім және гуманизм идеяларына негізделген ілімі тек қазақ халқының ғана емес, тұтас Орталық Азия елдерінің ортақ рухани қазынасы саналатыны айтылды.
Мемлекет басшысы бұл мұраттардың жүздеген жылдар бойы өңір халықтарының дүниетанымы мен өмір салтын қалыптастырып, жақсылыққа деген сенімін арттырғанын айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ясауи дәріптеген биік адамгершілік, еңбекқорлық, тазалық және патриотизм қағидаттары Қазақстандағы қазіргі реформалар мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру ісімен толық үндесетінін мәлімдеді. Осы орайда ұлы ойшылдың рухани мұрасына айрықша мән бере отырып, биыл оның құрметіне жаңа мемлекеттік марапатты бекіту туралы шешім қабылданғанын жеткізді.