Шоқан (Мұхаммедқанафия) Шыңғысұлы Уәлиханов – ұлт тарихы мен ғылымында қайталанбас қолтаңба қалдырған бірегей тұлға.
Ол 1835 жылы қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын бекетінде Абылай ханның ұрпағы Шыңғыстың отбасында дүниеге келген. Жастайынан араб, парсы, шағатай тілдерін меңгерген Шоқан әжесі Айғанымның тәлімімен халық ауыз әдебиетіне сусындап өсті. 1847 жылы Омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға түсіп, озық батыс және орыс ғылымымен, әдебиетімен терең танысты. Оқу жылдарында-ақ зерттеушілік қабілетімен көзге түсіп, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын хатқа түсіру арқылы шығыстанушы ғалымдардың назарын аударды.
1853 жылы оқуын аяқтағаннан кейін Батыс Сібір генерал-губернаторының жанында қызмет етіп, Орта Азия халықтарының тарихы мен этнографиясын зерттеуге белсене кірісті. 1856 жылы Ыстықкөл экспедициясына қатысып, әлем ғалымдары арасында тұңғыш рет қырғыздың «Манас» эпосының «Көкетай ханның ертегісі» бөлімін қағазға түсірді. Белгілі географ П. Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынысымен 1857 жылы Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланды. Ал 1858–1859 жылдардағы атақты Қашқария сапары оның есімін әлемдік ғылыми ортаға кеңінен танытты.
1860 жылы Санкт-Петербургке барып, ІІ Александр патшаның қабылдауында болғанда Шоқан қазақ халқының мүддесін батыл қорғады. Ол «Қырдағы мұсылманшылық туралы», «Сот реформасы туралы жазбалар» сынды іргелі еңбектер жазып, даладағы басқару ісін реформалауға атсалысты. 1864 жылы генерал Черняевтің Оңтүстік Қазақстанға жасаған жорығына қатысқанымен, отаршыл әскердің жергілікті бейбіт халыққа көрсеткен шектен тыс қатыгездігіне наразылық білдіріп, әскери қызметтен өз еркімен кетті.