25 қазан – Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданған тарихи күн әрі еліміздің күнтізбесіндегі жалғыз ұлттық мереке.
1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің қаулысымен мақұлданған бұл құжат қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылысын айқындап, мемлекет дамуындағы жаңа дәуірдің бастамасы болды. Декларация аясында Қазақстанның егемендігін айшықтайтын жеке территориясы, азаматтығы, дербес мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздері бекітіліп, елдің тұтастығы саяси, құқықтық әрі экономикалық тұрғыдан дәйектелді.
Атаулы мереке алғаш рет 1995 жылы Президент Жарлығымен ұлттық мереке болып жарияланып, 17 жыл бойы ресми түрде тойланды. 2009 жылы мерекелер тізімінен алынып тасталғанымен, қоғамда бұл күнді бейресми түрде атап өту дәстүрі жалғаса берді. Араға 13 жыл салып, 2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
Президент бастамасынан кейін Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға тиісті түзетулер енгізіп, 25 қазанды ұлттық мереке, ал 16 желтоқсанды мемлекеттік мереке ретінде заңмен бекітті. Бүгінде қайта жаңғырған Республика күні мемлекетіміздің іргетасы қаланып, егемендікке қол жеткізген алғашқы тарихи қадамның басты символы ретінде кеңінен ұлықталуда.