Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген жаңа DiMENSIONS әлемдік концерттік турнесін бастау үшін Польшаның Краков қаласына барды.
Әншіні әуежайда әртүрлі елден жиналған жанкүйерлері ерекше ықыласпен қарсы алды. 16 қазанда Димаш Құдайберген шығармашылық ұжымымен бірге Краков қаласына жетті. Дәл осы қалада 18 қазанда әншінің жаңа әлемдік турнесінің алғашқы концерті өтті. Польша елі Димашты алғаш рет қарсы алды. Әншіні күтіп алу үшін әуежайға жергілікті фан-клуб мүшелерімен қатар, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер жиналды.
Польшалық жанкүйерлер Димашқа ерекше тосынсый дайындап, «Skalne Orły» оркестрі Димашты поляк халқының дәстүрлі әндерін орындап қарсы алды. Музыканттар «Hej bystra woda», «Szła dzieweczka» және Подхале өңірінің халық әндерін шырқаған. Сонымен қатар жанкүйерлер әншіні нан мен тұз ұсынып, қарсы алды. Әуежайда Димаштың құрметіне арнайы баннерлер ілініп, түрлі елдердің тулары көтерілді. Өнерпазды қарсы алуға Польша, Қазақстан, Франция, Румыния, Испания, Жапония, Италия, Канада, Аустралия және Германиядан келген жанкүйерлер қатысқан. Әншінің DiMENSIONS атты жаңа әлемдік концерттік турнесі 18 қазанда Краков қаласындағы TAURON Arena сахнасында басталды.
Димаш Құдайбергеннің жаңа әлемдік туры «DIMENSIONS» Латын Америкасындағы дебюттік өнер көрсетулерін қоса алғанда, 8 ел мен 11 қаланы қамтиды. Ал соңғы концерті 2026 жылдың 12 желтоқсанында Индонезияда өтеді.
