Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет, білім, ғылым және туризм салаларындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге қадам басты.
Екіжақты визалық талаптардың жеңілдетілуі халықтардың өзара барыс-келісіне оң ықпал етті. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанға 560 мыңға жуық Қытай азаматы келсе, көрші елге табан тіреген қазақстандықтар саны 410 мыңнан асқан. Биыл өтіп жатқан Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы аясында тек Бейжің қаласының өзінде жүздеген іс-шара ұйымдастырылды. Ақын-жазушылардың шығармашылық кездесулері, көрмелер мен ғылыми басқосулар тұрақты сипат алды. Оның ішінде 7 мыңнан астам адам қатысқан ауқымды Наурыз мерекесі қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары мен өнерін қытайлықтарға кеңінен паш етті.
Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келісіміне сәйкес ашылған өзара мәдени орталықтар бұл байланысқа тың серпін берді. Бүгінде Қазақстанның мәдени орталығы ұлттық «визиттік картаға» айналып үлгерді. Мұнда қазақ тілі мен домбыра үйірмелері жұмыс істеп, еліміздің тарихы, әдебиеті мен дәстүрі жүйелі түрде насихатталуда.
Білім мен ғылым саласындағы қарым-қатынас та тереңдей түсті. Қазіргі таңда Қытайда білім алып жатқан қазақстандық студенттер саны 6300-ден асты. Сонымен қатар ғалымдар арасындағы тәжірибе алмасу жұмыстары жанданып, жақында ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың 4 басым бағыты айқындалып, жаңа келісімдер жасалды.
(Суретте ЖИ қолданылған)