Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында ChatGPT жасанды интеллект моделін қазақ тіліне тереңірек оқыту үшін 14 миллиардтан астам токенді қамтитын мәтін қоры мен 12 мың сағаттық аудиодерек жиналғаны мәлім болды.
Қоғам төрағасы Рауан Кенжеханұлының айтуынша, бұл ауқымды жұмыс мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндігін кеңейтіп, технологиялық тұрғыдан күшейту мақсатында қолға алынған. 2023 жылы құрылған эндаумент қоры көлемінің 100 есе өсуінің нәтижесінде OpenAI компаниясымен ресми келісім жасалып, қазақ тіліндегі құжат, мәтін және дауыс тану модульдері айтарлықтай жақсартылды. Бұл бастаманың негізгі стратегиялық мақсаты – қазақ тілін ғаламдық цифрлық жіктеудегі «төмен ресурсты» (Low-Resource languages) тілдер қатарынан «орта ресурсты» (Mid-Resource Languages) деңгейге көтеру. Мамандардың айтуынша, тілімізді жасанды интеллект заманына бейімдеу үшін сапалы, цифрланған ашық деректер қоры мен оны өңдеу құралдары аса қажет.
Сондай-ақ жиын барысында балалардың ана тілінде сөйлеп өсуіне ықпал ететін дубляж саласындағы жетістіктер де сөз болды. Соңғы екі жылда Disney, Pixar, Sony және Marvel студияларының балаларға арналған 13 фильмі қазақ тіліне кәсіби деңгейде аударылып, әлемдік премьералармен бір уақытта үлкен экранға шыққан. Нәтижесінде отандық кинотеатрларда бұл туындыларды миллионнан астам адам тамашалап, қазақ тіліндегі сеанстардан түскен табыс үш есеге артқан.
