ЮНЕСКО-ның бағалау органы қазақтың салбұрын мерекесін, кесте тігу өнері мен дәстүрлі киіз басу тәсілін Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізуді ұсынды.
Бұл туралы ұйымның ресми құжатында мәлімделді. Аталған номинациялар бойынша түпкілікті шешім биыл 30 қараша мен 5 желтоқсан аралығында Қытайдың Сямынь қаласында өтетін Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің сессиясында қабылданады.
Қазақстан «Салбұрын — тазы мен бүркіт қатысатын дәстүрлі аңшылық фестивалі» номинациясын жеке өзі ұсынған. Көшпелі халықтың салт-дәстүрімен тығыз байланысты бұл шара әдетте күздің соңы мен қыстың басында өтіп, құсбегілер мен тазы иелерінің, өнерпаздардың басын қосады. Ал «Кесте тігу өнері» номинациясы Тәжікстан және Өзбекстанмен бірлесіп ұсынылса, «Дәстүрлі киіз басу» өнерін тізімге қосуға Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстан секілді сегіз мемлекет ортақ өтінім берген. ЮНЕСКО сарапшылары бұл дәстүрдің географиялық аумақпен шектелмейтінін айтып, елдер арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалап отыр.
Биыл ЮНЕСКО тізіміне енгізуге әлем бойынша барлығы 59 номинация ұсынылып, бағалау органы оның 56-сын қолдаған. Қазіргі таңда бұл беделді тізімде Қазақстанның атынан 14 мәдени мұра элементі тіркелген. Олардың қатарында қазақтың дәстүрлі домбыра күйі мен айтыс өнері, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, Наурыз мерекесі, беташар және киіз үй жасау шеберлігі сынды ұлттық құндылықтар бар.