1893 жылы дүниеге келіп, небәрі 27 жыл ғұмыр кешкен қаламгер ұлт руханияты мен әдебиетінде өшпес із қалдырды.
Ақынның балалық шағы мен алғашқы білім алу жолы Баянауыл өңірімен тығыз байланысты. Ескіше хат танып, діни сауат ашқан ол кейінірек дін өкілдерінің қаталдығын көріп, жаңаша зайырлы білімге ұмтылады. 1911 жылдан бастап орыс және татар тілдеріндегі әдебиеттермен сусындап, 1912 жылы Троицкідегі медресеге оқуға түседі. Денсаулығына байланысты оқуды тоқтатуға мәжбүр болғанымен, бұл кезең жас Сұлтанмахмұттың ақындық жолға түбегейлі бет бұрып, «Шығамын тірі болсам адам болып» сынды жалынды жырлары мен «Қамар сұлу» романын жазуды бастаған шағы еді.
1913 жылдың күзінде Троицкіге қайта оралып, әйгілі «Айқап» журналында жауапты хатшы қызметін атқарды. Басылым беттерінде оның ұлттық оқу-ағарту ісі мен әдебиетке қатысты өзекті мақалалары мен әңгімелері жарық көрді. Білімге құштар жас кейінгі жылдары Семей, Шығыс Қазақстан және Томск өңірлерінде болып, орыс тілін меңгереді әрі ұстаздықпен айналысады. Осы жылдары оның қаламынан өлеңмен жазылған «Кім жазықты?» романы, «Алтыаяқ», «Шәкірт ойы» сынды іргелі туындылары туындады.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров саяси өмірге белсене араласып, Семейдегі Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмысына атсалысты. Ұлт рухын оятқан «Алаш ұраны» да осы тұста жазылды. Алайда дертінің меңдеуіне байланысты 1918 жылдың сәуірінде туған еліне оралуға мәжбүр болды. Өмірінің соңғы жылдарында саяси-философиялық бағыттағы шығармаларға ден қойып, «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» сынды ірі поэмаларын дүниеге әкелді. Қысқа ғана ғұмырында екі роман, төрт поэма және көптеген өлең, очерк пен сын мақалалар жазып үлгерген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мұрасы бүгінде қазақ әдебиетінің алтын қорынан ерекше орын алды.