Қостанай облысында ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай «Дәстүрлі ислам және «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабының маңызы мен тағылымы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Алқалы жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасап, ұлт ұстазының діни-ағартушылық мұрасына кеңінен тоқталды. Бас мүфти өз сөзінде қасиетті Құрандағы «Оқы!» деген бұйрық пен Алтынсариннің оқу-білімге шақыруы арасындағы рухани сабақтастықты атап өтті. Ол Ыбырай бабамыздың білім мен тәрбиені, имандылық пен адамгершілікті тұтас қарастырып, ХIХ ғасырдағы қазақ қоғамына ислам қағидаларын ана тілінде, ұғынықты етіп жеткізудегі өлшеусіз еңбегін ерекше бағалады.
Конференция аясында Ыбырай Алтынсариннің «Шараитул-ислам – Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегі қайта жарық көріп, көпшілікке таныстырылды. ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының «Рухани мұра» жобасы аясында әзірленіп, «Мүфтият» баспасынан шыққан кітаптың тұсауын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серікбай Оспанов кесті.
Ислам дінінің негізгі қағидаларын, мұсылмандық міндеттерді, имандылық пен көркем мінез мәселелерін қамтитын бұл құнды туынды дәстүрлі діни құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақтың рухани сауаттылығын арттыруға бағытталған.