Бүгін – қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, ағартушы-педагог әрі Алашорда үкіметінің белді басшыларының бірі Міржақып Дулатұлының туған күні.
1885 жылы Қостанай облысының Жангелдин ауданында дүниеге келген қайраткер жастайынан жетім қалып, оқыған ағасы Асқардың тәрбиесінде өсті. Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебін тәмамдаған соң, алты-жеті жыл бойы ауыл мектептерінде бала оқытты. 1904 жылы Омбыда ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен кездесуі оның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына зор ықпал етті. Қарқаралыдағы ұлттық-демократиялық қозғалысқа белсене араласып, Оралдағы съезге және 1906 жылы Петерборға делегат ретінде барды. 1907 жылы Петерборда шыққан «Серке» газетінде оның «Жастарға» атты өлеңі жарық көрді.
1909 жылы Қазан қаласында басылып шыққан тұңғыш «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы ұлттық сананы оятқан тарихи туындыға айналды. Бір жылдан соң Кәрімовтер баспасынан оның әйгілі «Бақытсыз Жамал» романы жарық көрді. Қызылжарда сот кеңесінде тілмаш әрі мұғалім болып еңбек етіп жүрген шағында ол болашақ ақын Мағжан Жұмабаевқа дәріс берді. Кейіннен Ахмет Байтұрсыновпен бірге қыр өлкесіндегі тұңғыш бейресми ағартушылық-демократиялық басылым – «Қазақ» газетінің негізін қалады.
Ел мәдениеті мен білімін өркендетуді мұрат тұтқан қайраткер «Ақ жол» газетінің редакциясында және Семей облысының сот органдарында қызмет атқарды. Ол «Балқия» пьесасын жазып, 1924 жылы «Қирағат кітабы» хрестоматиясы мен «Есеп құралы» оқулығын жарыққа шығарды. Кеңес үкіметі тұсында екі рет саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1935 жылы ауыр науқастан көз жұмған Алаш арысы 1988 жылы ақталды. Бүгінде Міржақып Дулатұлының есімі көшелер мен мектептерге беріліп, туған жерінде оның құрметіне мұражай ашылып, ескерткіш орнатылған.
