Астанадағы Халықаралық түркі академиясында «Шыңғыс Айтматов және түркі халықтарының әдеби байланыстары» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Басқосуда әлемге әйгілі жазушының шығармашылық мұрасы мен қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын дамыту мәселелері талқыланып, көрнекті қырғыз әдебиеттанушысы, академик Абдылдажан Ақматәлиевтің 70 жылдық мерейтойы атап өтілді.
Халықаралық түркі академиясы мен Қырғызстан ҰҒА-ның Шыңғыс Айтматов атындағы Әдебиет институты бірлесіп ұйымдастырған алқалы жиынға екі елдің белгілі ғалымдары, жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Жиын барысында ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров мерейтой иесіне ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің арнайы құттықтау хатын оқып берді. Ғалымның түркі әлемі әдебиеті мен Айтматов шығармашылығын зерттеуге қосқан өлшеусіз үлесі жоғары бағаланды.
Конференция аясында академик А. Ақматәлиевтің Түркі академиясына сыйға тартқан ғылыми еңбектері мен кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар шараның мәдени бағдарламасы шеңберінде манасшы Азиз Биймырза уулу қырғыз халқының «Манас» эпосынан үзінді орындап, төкпе ақын Нұрсұлтан Малдыбаев екі халыққа ортақ ауызша поэзия дәстүрін паш етті.