Елордада көрнекті ғалым, абайтанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдық мерейтойына орай «Көкейкесті әдебиеттану: поэтика, жанр, стиль және Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасы» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті.
Алқалы жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, абайтанушылар, ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты. Конференция аясында Қайым Мұхамедханұлының абайтану ғылымына қосқан үлесі, әдебиеттану, мәтінтану, Абай мен Шәкәрім шығармашылығын зерттеу, сондай-ақ ұлттық әдебиет пен тарихты зерделеудің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы, PhD Ләйлә Демесінованың айтуынша, ғалым Абай шығармаларына алғашқылардың бірі болып текстологиялық зерттеу жүргізген. Оның 1951 жылы қорғаған «Абайдың ақын шәкірттері» атты іргелі диссертациясы кейінгі зерттеушілер буыны үшін баға жетпес ғылыми негіз болды.
Халықаралық деңгейде өткен басқосуда Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Сауытбек Абдрахманов сынды еліміздің белгілі ғалымдармен қатар, шетелдік зерттеушілер де баяндама жасады. Атап айтқанда, Қазан федералды университетінің профессоры Флюра Сайфуллина, Өзбекстандағы Науаи атындағы университеттің профессоры Ұзақ Жорақұлов және АҚШ-тың Монтана университетінің профессоры Андре Эрно ғалымның еңбектері бойынша өз зерттеулерін ортаға салды. Шетелдік ғалымдардың қатысуы Қайым Мұхамедханұлы мұрасының тек отандық емес, әлемдік әдебиеттану кеңістігінде де жоғары бағаланып, терең зерттеліп жатқанын айғақтайды.
