Қазақ халқының көрнекті ойшылы, ақын әрі ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының сирек басылымдардан құралған мұралар жинағы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитеті (MOWCAP) тізіміне ресми түрде енгізілді.
Джакарта қаласында өткен жиында мақұлданған бұл шешім ұлттық жазба мәдениетімізді халықаралық деңгейде танытқан маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр. Қазіргі таңда «Ғылым ордасы» мекемесінің қорында сақтаулы тұрған аталған жинақ қазақ халқының тарихы, әдебиеті мен рухани өмірінен мол мағлұмат береді. Құнды жазбаларда ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық өмір, елдің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен дүниетанымы кеңінен көрініс тапқан. Сондай-ақ автордың бұл еңбектеріндегі басты назар ағартушылық ұстанымға, халықты ғылым мен білімге үндеуге және ұлттық құндылықтарды ұлықтау идеяларына аударылған.
Бұл жетістікке қол жеткізіп, мұраның тарихи-мәдени құндылығын ғылыми тұрғыдан дәйектеуде «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы мамандарының еңбегі зор. ЮНЕСКО тізіміне ену ұлы ойшылдың шығармашылығын әлемдік деңгейде насихаттап, оны халықаралық ғылыми ортада тереңірек зерттеуге мүмкіндіктер ашады.
