Қазақстан делегациясы 20–22 қараша аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Өркениеттер диалогы форумына қатысты.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов бастап барған делегация ұйымға мүше елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың нақты бағыттарын ұсынды. Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди ашқан халықаралық жиынға ШЫҰ елдерінің мәдениет министрлері, мемлекеттік орган өкілдері, сарапшылар мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Форум аясында өркениетаралық диалогты дамыту, мәдени әралуандылықты сақтау және халықаралық байланыстарды кеңейтуге арналған төрт тақырыптық секция жұмыс істеді.
Жиында сөз сөйлеген Айбек Сыдықов халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, ұлттық дәстүрлерді сақтаудың маңызына тоқталды. Қазақстан тарапы халықаралық мәдени алмасуды кеңейтуге, ұлттық өнерді шетелде танытуға, музей және театр салаларындағы серіктестікті дамытуға, сондай-ақ жас мәдениет қайраткерлері мен креативті индустрияларды қолдауға басымдық беруді ұсынды.
