Алматыда академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Сараман жолы» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Туындыда қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов пен оның ұлы, көрнекті мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің өмір жолы арқылы ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының саяси, тарихи және мәдени шежіресі баяндалады.

Салтанатты шараны академик Қансейіт Әбдезұлы ашып, еңбектің ғылыми-танымдық маңызына тоқталды. Автор Мұхтар Құл-Мұхаммед кітаптың жазылу тарихы мен зерттеу барысында пайдаланылған мұрағаттық деректер туралы әңгімеледі. Тұсаукесерде мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов, тарихшы-ғалымдар Зиябек Қабылдинов пен Берекет Кәрібаев, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып және ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева сөз сөйлеп, жаңа еңбектің тарихи құндылығын жоғары бағалады.

Он тараудан тұратын кітаптың алғашқы бөлімі Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Ғабитованың тағдырына арналып, сол арқылы өткен ғасырдағы қоғамдық өзгерістер шынайы бейнеленген. Кейінгі тарауларда Мұрат Әуезов бастаған «Жас тұлпар» ұйымының құрылуы, зиялы қауымның ұлттық сананы жаңғырту жолындағы бастамалары және «Көшпелілер. Эстетика…» жинағының идеологиялық қысымға ұшырауы туралы тың деректер қамтылған. Ал соңғы бөлімдерде автор Мұхтар мен Мұрат Әуезовтердің Үндістан, Жапония және АҚШ-қа жасаған сапарларындағы күнделіктері мен жолжазбаларын салыстыра отырып, оқырманға құнды мәліметтер ұсынады.