Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында «Астана Опера» театрының сахнасында «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сахналанған бұл екі актілі туынды – театрдың шығармашылық ұжымы арнайы әзірлеген тұңғыш толыққанды ұлттық балет. Сақ патшайымы Томиристің тағдырына негізделген қойылым Ұлы даланың сан ғасырлық тарихын арқау етіп, азаттық, отансүйгіштік және адалдық сынды биік құндылықтарды өнер арқылы дәріптейді.
Классикалық балет үлгілері, қазақ биінің элементтері, ұлттық әуен мен заманауи хореография үйлесім тапқан спектакльдің музыкасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хамит Шаңғалиев, ал либреттосын Ермек Аманшаев жазған. Қоюшы хореографы – Сұлтанбек Ғұмар. Сахнаны көркем безендіру және жарық беру тұжырымдамасын жапониялық сценограф Йоко Сеяма әзірлесе, костюм суретшісі Дариға Тайшықова сахналық киімдерді дайындауда сақ дәуірінің тарихи ерекшеліктерін негізге алған.
Айтулы премьераны Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Эстонияның Мәдениет министрі Хейди Пурга, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) басшылығы, дипломаттар, сондай-ақ отандық және шетелдік мәдениет пен өнер қайраткерлері тамашалады. Спектакль соңында Арман Қырықбаев театр ұжымын премьерамен құттықтап, ұлттық мұраның байлығын паш ететін төл туындыларды сахналаудың айрықша маңызын атап өтті. Жаңа балет театр репертуарын байытып, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын заманауи сахна өнері арқылы кеңінен насихаттауға жол ашты.
