Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында Шымкент және Түркістан қалаларында «Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы өтті.
Шетелдік конституциялық соттардың өкілдері, белгілі ғалымдар мен БҰҰ сарапшылары бас қосқан жиында құқықтық мәдениет пен заң үстемдігін нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Шараның алғашқы кездесуі Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде қонақ дәріс ретінде басталып, негізгі отырыс Түркістанда жалғасын тапты.
Симпозиум барысында ұлттық құндылықтар мен тарихи мұра, құқық философиясы және әлемдік тәжірибе негізінде қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру жолдары қаралды. ЕҰУ Конституционализм және цифрлық құқық институтының директоры Ермек Әбдірасылов әртүрлі елдердің құқықтық жүйелерін біріктіретін басты құндылық – әділеттілік пен адам құқығы екенін атап өтті. Ал Германиядағы Оснабрюк университетінің профессоры Георг Геск заң салтанат құрған қоғам орнату үшін биліктің өзі заңға бағынуы тиіс деген пікір білдірді.
ҚР Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Азимова Конституция үстемдігі заңнама сапасы мен мемлекеттік институттардың тиімділігіне ғана емес, азаматтардың құқықтық санасына да тікелей байланысты екенін жеткізді. Сонымен қатар жиында «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамаларының құқық пен мәдениетті ұштастырудағы маңызы, сондай-ақ бұл симпозиумның Түркістанның халықаралық ғылыми-мәдени байланыстарын дамытуға қосар үлесі ерекше аталды.
