Түркістанда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда орта ғасырлардағы Фараб аймағы түркі-ислам өркениеті мен қалалық мәдениеттің ірі орталығы болғаны мәлімделді.
Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 40-тан астам ғалым қатысқан жиында соңғы 10 жылдағы археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысы таныстырылды. Мамандардың зерттеуінше, Сырдария мен Қаратаудан Аралға дейінгі аралықты қамтитын Фараб өңірінде 80-нен астам қала болған. Бүгінге дейін соның 43-інің орны қазылып, ғылыми төлқұжаты жасалған. Бұл жаңалықтар қазақ даласында тек көшпелі өмір салты ғана емес, жоғары деңгейдегі қалалық мәдениет пен құқықтық мемлекеттілік болғанын нақты дәлелдейді.
Сондай-ақ ІХ-Х ғасырларда аталған аймақтағы 56 қаладан 350-ге жуық ғұлама шыққаны анықталды. Философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай мен зерттеуші Әшірбек Мүминовтің айтуынша, Сырнақ, Жәнд, Даршинкент қалаларынан шыққан Құсамиддин Сырнақи, Итқани, Фараби сынды ғалымдардың жаңадан табылған қолжазбалары қазіргі таңда терең зерделенуде. Ғалымдар Жібек жолы бойында орналасқан бұл өңірді түркі-ислам өркениетінің алтын бесігі әрі тарихи-мәдени қабаты бай аймақ ретінде бағалап отыр.
(Суретте ЖИ қолданылған)
