Қазақстанда «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына үміткерлерді іріктеудің онлайн дауыс беру кезеңі басталды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 10–19 қазан аралығында «Qazvolunteer.kz» бірыңғай платформасында өтетін дауыс беруге техникалық іріктеуден сәтті өткен 235 үміткер қатысып жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған бұл марапат қоғамға пайдалы әрі әлеуметтік маңызы бар бастамаларға үлес қосқан жекелеген еріктілерге, сондай-ақ отандық және халықаралық волонтерлік ұйымдарға табысталады. Биылғы сыйлық әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, білім беру, жануарларды қорғау, қоршаған ортаны сақтау және экология секілді 15 түрлі аталым бойынша беріледі.
Кез келген азамат аталған платформаға кіріп, 19 қазанға дейін өзі лайық деп тапқан үміткерге дауыс бере алады. Айта кетейік, соңғы алты жыл ішінде бұл халықаралық сыйлықпен Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей елдерінен барлығы 297 волонтер марапатталған.