5 қазан – Қазақстанда білім беру саласының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан педагогтердің төл мерекесі – ұстаздар күні.
Бұл айтулы күн – ел болашағын тәрбиелеп, шәкірт санасына білім нәрін себетін ұлағатты жандардың қажырлы еңбегін ұлықтап, қоғамдағы мәртебесін бағалайтын маңызды күн.
Ұстаз – жас ұрпаққа жүйелі білім беріп қана қоймай, олардың өмірлік дүниетанымы мен азаматтық ұстанымының қалыптасуына бағыт-бағдар беретін басты тұлға. Қоғамдағы кез келген мамандық иесі – ғалым мен дәрігерден бастап, өндіріс үздіктері мен инженерлерге дейінгі мамандардың толағай жетістігінің негізінде ең алдымен мұғалімнің маңдай тері мен тағылымы жатыр. Өйткені өркениет көші мен ел дамуының басты қозғаушы күші саналатын білімді өскелең буынға табыстауда ұстаз қауымының рөлі өлшеусіз. Мұғалімнің берген өнегесі мен тәлім-тәрбиесі бір буынның аясында ғана қалмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани сабақтастықтың өзегіне айналады. Сол себепті де ұстаздың адал қызметі – бәсекеге қабілетті, парасатты ұлт пен жарқын болашақтың мызғымас іргетасы саналады.
