Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) 2026 жылғы Жаһандық инновациялық индексінде (Global Innovation Index) бірден 8 сатыға көтеріліп, әлемнің 139 экономикасы арасында 81-орыннан 73-орынға тұрақтады.

Бұл — еліміздің соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіші. Өңірлік рейтингте Қазақстан Орталық Азия елдерінің көшін бастаса, Орталық және Оңтүстік Азиядағы 11 мемлекет арасында 2-орынға табан тіреді. Сондай-ақ табыс деңгейі орташадан жоғары 35 елдің ішінде 17-орыннан көрінді. Ең үлкен серпіліс инновациялық нәтижелер бойынша байқалды: «Инновациялық нәтижелер» (Innovation Outputs) субиндексінде ел көрсеткіші бірден 11 сатыға (84-тен 73-ке), ал «Инновациялық ресурстар» (Innovation Inputs) бойынша екі сатыға (75-тен 73-ке) жақсарған.

Женевадағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде таныстырылған бұл жетістікке ұлттық және халықаралық деңгейдегі жүйелі жұмыстың арқасында қол жеткізілді. Биыл Қазақстанның Женевадағы Тұрақты өкілдігі ұйым сарапшыларымен тікелей байланыс орнатып, индикаторларды есептеу әдістемесі мен халықаралық статистика сапасына ерекше назар аударды. Өкілдіктің бастамасымен өткен онлайн-консультациялар нәтижесінде ескірген деректер жаңартылып, ұлттық органдарға нақты ұсынымдар берілді. Бұл қадам Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы байланысты жай ғана мониторингтен мазмұнды жұмыс форматына көшіруге мүмкіндік берді.

Дегенмен, оң нәтижелерге қарамастан, сарапшылар елімізде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, университеттер мен бизнес арасындағы байланысты нығайту, венчурлік капитал, инновациялық кластерлерді дамыту және ғылыми-техникалық жарияланымдар сапасын арттыру бағыттарында әлі де үлкен әлеует сақталып отырғанын атап өтті.