Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде екі томдық «Түркістан» энциклопедиясының тұсаукесері өтті.

2021 жылы басталған бұл ауқымды жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көріп отыр.  880 беттен тұратын қос томдыққа 300-ден астам ғалымның 4 мыңнан аса мақаласы енген. Басылым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Түркістанды тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені әрі өркениет жауһары ретінде бағалаған тұжырымы негізінде, бауырлас елдердің ортақ тарихын дәріптеу мақсатында әзірленді.

Бұған дейін қаланың 2000 жылдығы қарсаңында, 1998 жылы академик Әбдімәлік Нысанбаевтың жетекшілігімен бір томдық энциклопедия шыққан болатын. Арада өткен 28 жыл ішінде өңір тарихындағы және жалпы түркі әлеміндегі үлкен өзгерістер, Түркістан облысының құрылуы мен соңғы жылдардағы жаңа ғылыми жаңалықтар осы жаңа басылымда толық көрініс тапты. Жобаның мүлтіксіз жүзеге асуына алғашқы энциклопедияны әзірлеген ғылыми топтың жетекшісі Тұрдықұл Шаңбай, сондай-ақ Нәпіл Базылхан, Ақеділ Тойшанұлы, Жандос Бәделұлы, Нұрболат Бөгенбаев, Дархан Қыдырәлі сынды білікті мамандар үлес қосқан.

Іргелі еңбекте түркі әлемінің атажұрты саналатын Түркістан ұғымы, қаланың байтақ тарихы, мәдениеті, археологиялық және сәулет мұралары, әдеби-фольклорлық және этнографиялық тақырыптар кеңінен қамтылған. Түркі әлеміне ортақ ойшыл ғұламалар мен әлемдік түркологияның белгілі өкілдері туралы соны деректер енгізіліп, терминдер мен ғылыми-танымдық ұғымдар бір жүйеге келтірілді. Басылымның безендірілуіне де ерекше мән беріліп, тарихи-географиялық карталар, портреттер, миниатюралар мен арнайы түсірілген түрлі-түсті фотосуреттер пайдаланылған.

Орталық Азия мен түркі әлемінде баламасы жоқ бұл бірегей энциклопедияға қазірдің өзінде Түркия ғалымдары қызығушылық танытып, түрік тіліне аударып басуға ниет білдіріп отыр. Болашақта ауқымды еңбекті ағылшын, орыс, өзбек, қырғыз және өзге де бауырлас елдердің тілдерінде шығару жоспарланған.