Алматыда өткен «Түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасы» атты халықаралық конференцияда Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары Ватикан мен Батыс Еуропа қорларынан Қазақстан тарихына қатысты 500-ге жуық тың дерек әкелгенін мәлімдеді.
2024 жылы басталған ғылыми экспедиция аясында мамандар сөрелерінің жалпы ұзындығы 85 шақырымға жететін Ватиканның Апостол архиві мен кітапханасында, сондай-ақ Италия, Германия, Франция, Мажарстан, Австрия, Испания және Ұлыбритания мұрағаттарында жұмыс істеп, жалпы саны 32 мыңға жуық еңбекті зерделеген.
Табылған құнды жәдігерлердің қатарында Күйік ханның Рим Папасы IV Иннокентийге жазған хаты және Папаның Сартақ ханға жолдаған алғашқы хатының түпнұсқасы бар. Сондай-ақ Алтын Орда дәуірінде Өзбек ханға жолданған дипломатиялық жазбалар да елге жеткізілді. Бұдан бөлек, ғалымдар Қазақстан мен Еуразия даласының тарихын жаңаша тануға мүмкіндік беретін XV ғасырдағы Фра Мауро картасын және 1619 жылы Мысырда жазылған мәмлүк-қыпшақ тіліндегі «Аш-Шузур аз-захабийа» сөздігін тапқан. Шығыстану институты бас директорының орынбасары Бағдат Дүйсенов бұл картографиялық және жазбаша материалдарды ғылыми айналымға енгізу жұмыстары басталғанын атап өтті.
Қазақстандағы Апостол нунцийі Джордж Панамтундил екіжақты меморандум аясында Ватикан қазақстандық ғалымдарға барынша қолдау көрсетіп, сұратылған барлық құжатпен танысуға толық жағдай жасағанын жеткізді. Алдағы уақытта отандық мамандар Еуропа мұрағаттарынан алынған көне мәтіндерді аударып, елдегі бар құжаттармен салыстыра отырып ғылыми сипаттама береді. Бұл ауқымды зерттеу Қазақстан тарихының көмескі тұстарын тың деректермен толықтырады деп күтілуде.