28 қыркүйек – қазақ әдебиеті мен руханияты тарихындағы айрықша күн. Бұл күн ұлттық сөз өнерінің үш бірдей алыбы – Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей және Шерхан Мұртазаның дүниеге келген күні ретінде аталып өтіледі.
Мұхтар Әуезов (1897–1961)
Қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы және Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Мұхтар Әуезовтің басты еңбегі – Абай мұрасын әлемдік деңгейге көтеруі. 1930 жылдардағы Абай мұрасына қатысты қайшылықты пікірлер кезеңінде ол ақынды терең тануды өзіне өмірлік мақсат етті. Жазушының басты туындысы – 15 жыл бойы жазылған төрт томдық «Абай жолы» тарихи роман-эпопеясы. Эпопеяның алғашқы кітаптары 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алса, толық нұсқасы 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. Бұл шығарма әлемнің 30 тіліне аударылды. Ғалым ретінде ол Абайтану ғылымының негізін салып, көптомдық «Қазақ әдебиеті тарихының» фольклорға арналған томының (1960) бас редакторы әрі авторы болды. Сонымен қатар 1940 жылы Л. Соболевпен бірлесіп «Абай» трагедиясын жазды және И. Тургеневтің «Дворян ұясы» романын қазақ тіліне тәржімалады.
Оралхан Бөкей (1943–1993)
Көркемсөз өнерінің хас шебері, формалық ерекшеліктерімен дараланған жазушы-драматург Оралхан Бөкей 1969 жылы ҚазМУ-ді тәмамдағаннан кейін қазақ баспасөзінде өшпес із қалдырды. Ол Шығыс Қазақстан облыстық «Еңбек туы» және «Коммунизм туы» газеттерінен бастап, республикалық «Лениншіл жас», «Жұлдыз» журналында қызмет етті. 1983–1993 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары, кейін бас редактор лауазымдарын атқарды. Қаламгер «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Жастар сыйлығын (1976), «Найзағай ізі» жинағы үшін Н. Островский атындағы Бүкілодақтық сыйлықты (1978), «Біздің жақта қыс ұзақ» шығармасы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты (1986) иеленді. Жазушының туындылары ағылшын, неміс, араб, қытай, жапон, венгер және ТМД елдерінің тілдеріне аударылған.
Шерхан Мұртаза (1932–2018)
Қазақ журналистикасының қалыбын қалыптастырған көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 1955 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Түрлі жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінің бас редакторы болды. Сондай-ақ «Жазушы» баспасын, «Жұлдыз» журналын басқарып, Қазақстан мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметін атқарды және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Жазушы аударма саласында да өнімді еңбек етіп, Ш. Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын, Г. Х. Андерсен ертегілерін, М. Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы», Л. Лагиннің «Хоттабыч қарт» шығармаларын қазақ тіліне сөйлетті. Оның төл шығармалары көптеген шетел тілдеріне аударылған, ал «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы грантын жеңіп алған.
