Қазақстанда қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күнінің тарихи тамыры Кеңес одағы кезіндегі 1 мамыр – Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастығы күнінен бастау алады. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін ұмыт болған бұл мереке 2013 жылы Үкімет шешімімен қайта жаңғырды.
Басты мақсат – қоғамда еңбек адамына деген құрметті арттыру, жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулу және еңбек мәдениетін қалыптастыру. Бүгінде бұл атаулы күн табандылығы мен маңдай терінің арқасында жоғары нәтижеге жеткен жандарды ұлықтап, көпшілікке үлгі етудің таптырмас мүмкіндігіне айналды.
Осы мереке аясында экономиканың түрлі саласында аянбай тер төккен қызметкерлер үшін бірыңғай ведомстволық марапат – «Еңбек ардагері» медалі тағайындалған. Бұл марапат өндіріс үздіктеріне, өз жұмысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген мамандарға және зейнет жасына жеткен, жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асатын (оның ішінде кемінде 10 жылын бір салада өткізген) ардагерлерге табысталады.
Еңбек күні еліміздің түкпір-түкпіріндегі еңбек ұжымдарында кеңінен атап өтіледі. Мерекеге орай жас мамандар арасында түрлі байқаулар, концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар ұйымдастырылып, арнайы комиссияның шешімімен «Жылдың үздік қызметкері» немесе «Үздік жас маман» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталады. Мерекені ұжым болып атап өту дәстүрі қарапайым жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеріп, оған жастардың назарын аударумен қатар, еңбек өнімділігін арттыруға және ұжым ішіндегі ынтымақтастық пен ауызбіршілікті нығайтуға зор ықпал етеді.
