Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған «Кітап оқитын ұлт» жалпыреспубликалық кітап оқу марафонына қатысушыларды тіркеу басталды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің өкілі Алмаз Мырзахметтің мәлімдеуінше, ауқымды жоба мектеп оқушыларынан бастап тұтас отбасылар мен мемлекеттік қызметшілерге дейінгі қалың бұқараны қамтиды.

Марафон қатысушылардың жасы мен әлеуметтік санатына қарай жеті бағыт бойынша өтеді. Атап айтқанда: 6–10 сынып оқушыларына арналған «Кітап оқитын мектеп», студенттерді қамтитын «Кітап оқитын колледж» және «Кітап оқитын университет», ұстаздарға бағытталған «Кітап оқитын педагог», сондай-ақ «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және жасы мен қызмет саласына ешқандай шектеу қойылмайтын «Кітап оқитын зияткер» номинациялары бар.

Қатысушыларға қойылатын басты талап – арнайы іріктелген 330 кітаптың (165-і қазақ, 165-і орыс тілінде) ішінен 15 шығарманы оқып шығу. Тізімге отандық авторлардың туындылары, әлемдік бестселлерлер, Нобель сыйлығы лауреаттарының еңбектері және жалпыұлттық дауыс беру нәтижесінде «100 кітап» қатарына енген шығармалар кірген. Негізгі оқу кезеңі биылғы қыркүйек айында басталып, 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында оқырмандар жеке кабинеттерінде оқылған кітаптар туралы қысқаша пікір қалдырып отыруы тиіс. Оқу кезеңі аяқталған соң барлық қатысушы қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер тапсырады.

Байқау қорытындысы бойынша өңірлік кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қомақты қаржылай сыйлықтар қарастырылған. Бірінші орын иегеріне – 600 мың теңге, екінші орынға – 450 мың теңге, ал үшінші орынға – 300 мың теңге табысталады. Сонымен қатар барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қолға алынған бұл жобаның басты мақсаты – халықтың кітап оқу мәдениетін дамытып, Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он мемлекеттің қатарына қосу. Бұған дейін Қостанай, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында пилоттық режимде өткізіліп, 189 мыңға жуық адамды қамтыған жобаға биыл 2 миллионға жуық тұрғынды тарту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде марафонға миллионнан астам адам қызығушылық танытқан.