19–20 қыркүйек күндері Алматыда Қала күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар өтіп, оған 1 миллионнан астам қала тұрғыны мен қонағы қатысты. Мерекелік бағдарлама мегаполистің басты алаңдары мен барлық 8 ауданын қамтып, концерттер, фестивальдер, көрмелер мен спорттық-шығармашылық жобалар ұйымдастырылды.
Мереке күндері Панфилов және Жібек жолы көшелерінде тақырыптық аймақтар жұмыс істеп, түрлі шығармашылық бағдарламалар мен қуыршақ театрының қойылымдары өтті. Мәселен, 60-тан астам баспа үйі мен кітап дүкенінің басын қосқан «Kitap Fest» жәрмеңкесіне екі күн ішінде 50 мыңнан астам адам келсе, дәстүрлі Алма жәрмеңкесінде жергілікті шаруа қожалықтары ұсынған алманың 50-ге жуық түрінен 250 тонна өнім сатылды.
Мерекенің тағы бір айтулы жаңалығы – Масанчи көшесінің Сәтбаев даңғылынан Абай даңғылына дейінгі аралығында Алматыдағы алғашқы гастрономиялық көшенің ашылуы. Бұл кеңістік қоғамдық тамақтану орындары мен заманауи қалалық инфрақұрылымды біріктіріп, тұрғындар мен туристер үшін жаңа тартылыс нүктесіне айналды. Аталған бастама қалада мамандандырылған гастрономиялық көшелер желісін қалыптастыру жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл формат қала қонақтарына заманауи гастрономиямен танысып, орталық көшелердің жаңа қырын ашуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қыркүйектің үшінші жексенбісінде тойланатын Қала күні аясындағы мерекелік шаралар шаһардың барлық 8 ауданын қамтыды. Жоғары оқу орындары мен жұмыс орындары көп шоғырланған, экономикалық әлеуеті жоғары әрі 2 миллионнан астам тұрғыны бар еліміздің ең ірі мегаполисіндегі бұл шара музыка, ұлттық мәдениет, заманауи өнер, әдебиет және спорт бағыттарын біріктірген мазмұнды әрі жарқын оқиғаға айналды.
