Алматыда өтіп жатқан «QMDB EXPO-2026» көрмесі аясында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Бизнес және ислам құндылықтары» тақырыбында арнайы конференция өткізілді.

Ислам қаржысы, халал индустриясы және кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне арналған алқалы жиынға білікті сарапшылар, сала мамандары мен кәсіпкерлер қатысты. Басқосудың ашылу рәсімінде Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы сөз сөйлеп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының қатысушыларға жолдаған сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді. Конференция барысында Ислам қаржысы және бизнес қауымдастығының бас директоры (CEO) Мәдина Тұқұлова ислам қаржысының негізгі қағидаттары, инвестициялық платформалар мен жаңа мүмкіндіктер туралы егжей-тегжейлі баяндама жасады. Сонымен қатар «Халал Даму» мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлы халал стандарттарының бизнеске деген тұтынушы сенімін нығайтып, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы айрықша маңызына тоқталды.

Өз кезегінде ҚМДБ Ислам қаржысы секторының меңгерушісі Нұржан Жақсылықұлы Қазақстандағы қолжетімді исламдық қаржыландыру құралдарын таныстырып, оларды тәжірибеде тиімді қолдану жолдарын түсіндірді. Ал «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев шариғат талаптары аясындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне назар аудартып, зекет пен қайырымдылық мәдениетінің қоғам өміріндегі маңызды орны туралы ой бөлісті.

Жиын барысында қатысушылар ислам құндылықтары мен заманауи кәсіпкерлікті ұштастыру, адал бизнесті дамыту және исламдық қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту бағытында өзара пікір алмасты. Іс-шара соңында кәсіпкерлер мен сала өкілдері арасында жаңа іскерлік байланыстар мен әріптестік орнатуға бағытталған B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылды.