– Биыл Нұр-Мүбарак университеті 20 жылдық белесіне айтарлықтай жетістіктерімен қадам басты. Университет елге танымал дін ғалымдары шоғырланған, белгілі исламтанушы, теолог, дінтанушыларды тәрбиелеп, еліміздің діни тұрақтылығы үшін атсалысып келеді. Оқу орнының алдағы мақсат-міндеттері жайлы бөлісе кетсеңіз?

– Нұр-Мүбарак университеті 20 жылдан бері Қазақстан қоғамында дін мамандарын даярлап қана қоймай, дін саласындағы бірегей университетке айналды. Алғашқы кездегі және қазіргі жағдайдың айырмашылығы болғандай, университетті алғашқы жылдары бітірген және енді бітіріп жатқан түлектердің де айтарлықтай айырмасы бар.

Әлемде исламофобия күшейсе де дінге бет бұрушылар көбейіп келеді. Діни мамандыққа ұмтылған талапкерлердің де қатары жылдан-жылға көбейіп отыр. Бұл нені білдіреді? Біздің қоғамда дінді білгісі келетін, оқығысы келетін жастар бар деген сөз. Мұны жыл сайын оқуға тапсыратын талапкерлердің қатарының артқанынан аңғаруға болады. Осыны ескеріп, елдің ертеңін алыстан бағдарлап, ислам университетінің ашылуына себепші болып, дамуына атсалысқан ағаларымызға арнап жаңа технологиялық құралдармен жабдықталған арнайы аудиториялар аштық.

Атап айтсақ, еліміздің тұңғыш бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы атындағы аудитория ашылды. Еліміздің ғылым саласында өлшеусіз еңбек етіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болған кезінде отандық діни кадрларды даярлаудың маңызын ерекше назарға алған академик Әбсаттар қажы Дербісәлі де наурыз айында өзінің атындағы жаңа аудиторияның тұсауын кесіп, алғысын жаудырған болатын.

Мысырлық ғалымдар да 20 жылдық мерейтой аясында тұңғыш ректор, 14 жыл бойы Нұр-Мүбарак университетінің дамуына атсалысқан академик Махмуд Хижази атындағы аудиторияның ашылуына қатысып, тәнті болды. Мұның барлығы ғалымдарымызды көзі тірісінде еңбегін бағалап, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, әрбір шәкірт университетке еңбегі сіңген ғалымдарымыздыөздеріне үлгі етсе, тарихтан тағылым алып, құрметтесе деген ғибратпен жасалып жатыр.

20 жылдыққа арналып халықаралық дәрежеде ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Алыс-жақын шетелдер мен халықаралық ұйымдардан 60-тан аса құрметті ғалымдар, дін саласының лауазымды өкілдері офлайн, онлайн форматта қатысты. Олардың баяндамаларын қызметкерлеріміз бен студенттеріміз 5 тілде тікелей синхронды аударма жасады. Бұл да болса университеттің жетістігін көрсетеді.

Университеттің даму жоспарына келсек, болашақта діни біліммен қатар Ислам экономикасы, журналистика, әлеуметтану секілді маңызды салалар бойынша мамандық ашу ойымызда бар. Қазір біздің университетте білім алушылар саны 2000-ға жуықтады. Оқу кешенінің тарлығы, аудиториялардың жетіспеушілігі байқалуда. Сондықтан соңғы 2-3 жылдан бері 20 мың шаршы метркөлемдегі 9 қабатты оқу ғимаратының жобасын  жасап, құрылысын бастадық. Құрылыс «Білім-Қазына» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен халықтың қолдауы, жомарт жандардың демеушілігімен жүріп жатыр. Университеттің дамуына халықтың да тілеулестігін аңғарған сайын бізге артылған ел алдындағы, болашақ алдындағы жауапкершіліктің жүгін сезінеміз.

Қайрат ҚҰРМАНБАЕВ: Ислам мен білім – егіз ұғым | Қазақстандағы Ислам сұхбатынан үзінді.

Сұхбаттасқан Айша КЕҢЕСБАЙ «Мұнара» газеті, №17, 2021 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *