Бүгін қазақ өнері мен мәдениетінің шынайы жанашыры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтің дүниеге келгеніне 95 жыл толды.

1931 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында жарық дүниеге келіп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында білім алған ол саналы ғұмырын ұлттың рухани мұрасын сақтап, оны жаңа белеске көтеруге арнады. 1952 жылдан бастап қатардағы ұстаздықтан Қазақ КСР Мәдениет министрі және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметтеріне дейінгі айтулы еңбек жолынан өтіп, ел тарихында өшпес із қалдырды.

Оның қайраткерлік қолтаңбасы әсіресе Торғай өңірінде жарқырай көрінді. Жаңадан құрылған Торғай облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқара жүріп, ол стандартты кеңестік номенклатуралық қалыпқа сыймайтын жаңашылдығымен танылды. Жастардың шынайы қорғанына айналған Өзбекәлі Жәнібеков Арқалық қаласын ұлттық мәдениеттің орталығына айналдырды. Ол Торғайда алғашқы кәсіби қазақ театрын ашып, Мәскеудегі М.Щепкин атындағы училище түлектерінен актерлік құрам жасақтады. Жас өнерпаздарды тұрғын үймен және қажетті жағдаймен қамтамасыз етіп, оларға әкелік қамқорлық көрсетті.

Қазақтың ұлттық аспаптары мен фольклорлық музыкасын жаңғырту – қайраткер еңбегінің ең бір сүбелі тұсы. Оның тікелей бастамасымен «Шертер», «Сазген сазы», «Адырна», «Алтынай» сынды танымал этнографиялық ансамбльдер құрылып, қазақ өнері сахналық жаңа мәдениетке ие болды. Өзбекәлі Жәнібеков өнерпаздардың репертуарына, ұлттық киім үлгілері мен аспаптарының тарихи дәлдігіне баса назар аударды. Осы қажырлы еңбектің нәтижесінде 1981 жылы Алматы қаласында Ықылас атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайы ашылып, халық мұрасы кең көлемде насихаттала бастады.

Тарихи ескерткіштерді қорғау мен қалпына келтіру ісінде де Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі орасан. Ол Мәдениет министрлігінде қызмет еткен жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесін жаңғырту жұмыстарына мұрындық болып, Эрмитажда тұрған қасиетті Тайқазанның тарихи отанына қайтарылуын ұйымдастырды. Мәскеудің қарсылығына қарамастан, Арыстан баб кесенесіндегі мешіттің қалпына келтірілуіне қол жеткізді. Ел аумағындағы тарихи-мәдени мұраларды жүйелі түрде қорғау мақсатында арнайы «Арқас» қоғамын құрды.

Қазақ халқы үшін ең қастерлі мереке – Наурыз мейрамының қайта оралуы да тікелей Өзбекәлі Жәнібековтің есімімен байланысты. 1920 жылы Тұрар Рысқұловтың бұйрығымен ресми аталып өткенімен, 1930 жылдары «ескіліктің сарқыншағы» ретінде тыйым салынған бұл мереке ұзақ уақыт бойы тойланбады. Тек 1980 жылдардың соңындағы жылымық кезеңінде компартия басшылығында отырған Өзбекәлі Жәнібеков ғалымдар мен зиялы қауымның ұсынысын батыл қолдап, мейрамды ресми түрде жаңғыртуға ықпал етті. Соның нәтижесінде 1988 жылы Наурыз Алматы қаласы мен Жамбыл ауданында кеңінен аталып өтіп, келесі жылдан бастап бүкіл Қазақстан аумағында жалпыхалықтық мерекеге айналды.