АҚШ-тың Вашингтон университеті жанындағы Денсаулық көрсеткіштерін бағалау институтының (IHME) The Lancet журналында жариялаған соңғы деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда әлемде 1,3 миллиард адам бауырдың майлануынан (метаболикалық-ассоциацияланған стеатозды бауыр ауруынан) зардап шегеді.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2023 жылы 3,15 миллион адам алкогольге байланысты бауыр циррозына шалдыққан, жыл сайын тағы 419 мыңнан астам жаңа жағдай тіркеледі. Бұл ауруды тікелей емдейтін арнайы дәрі-дәрмек ғылымда әлі ойлап табылмаған. Қазақстандағы жағдай тіптен алаңдатарлық: ДДСҰ профиліне сәйкес, елімізде бауыр циррозынан болатын өлім-жітімнің 73,9 пайызы ерлерде, 45,2 пайызы әйелдерде тікелей алкоголь тұтынумен байланысты.
Осы күрделі мәселенің шешімін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымы, PhD докторы Жадыра Орынбаева дәстүрлі бие сүтінен іздеп отыр. Ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Жас ғалым» бағдарламасы аясында «Бие сүтінен бөлінген сүтқышқылды бактериялардың бауыр функциясының қалпына келу әсерін зерттеу» атты ғылыми жобасын 2026–2028 жылдарға арнап қолға алды.
Қазақ халқы бие сүті мен қымызды ғасырлар бойы ем ретінде қолданғаны белгілі. Бүгінде заманауи ғылым оның биохимиялық негізін дәлелдеп отыр: бие сүтінің бір грамында 10 миллионнан астам тірі пайдалы бактерия болады, бұл дайын медициналық пробиотиктермен деңгейлес көрсеткіш. Жоба аясында Қазақстанның төрт өңірінен (Ақмола облысы, Талдықорған, Өскемен және Тараз) бие сүтінің үлгілері жиналып, одан белсенді сүтқышқылды бактериялар бөлініп алынуда және оларға түрлік идентификация жасалуда.
Қазіргі кезде нарықтағы пробиотиктер мен осы саладағы зерттеулердің басым бөлігі шетелден (Еуропа мен Азиядан) әкелінген дайын бактерия штаммдарына негізделген. Ал бие сүті сияқты бірегей отандық шикізаттың пробиотикалық әлеуеті, әсіресе оның бауыр функциясына тигізетін әсері ғылыми тұрғыда терең зерттелмеген. Бұл жобаның ерекшелігі де осында – ол толықтай отандық биоресурс негізінде жүзеге асырылуда. Зерттеу барысында тек бактерияны бөліп алумен шектелмей, іріктелген штаммдардан жасалған пробиотикалық консорциум егеуқұйрықтарда сыналады. Оның ішек микрофлорасына тигізген нақты әсері метагеномдық талдау арқылы бағаланады. Бұл әдіс Қазақстанда жергілікті штаммдарға қатысты алғаш рет қолданылып отыр және олардың нақты қалай жұмыс істейтінін генетикалық деңгейде дәлелдейді.
«Біздің басты мақсатымыз – отандық шикізаттан бауырды қорғайтын, дәлелденген әсері бар пробиотикалық өнім жасау», – дейді жоба жетекшісі Жадыра Орынбаева. Зерттеу нәтижесінде алынған консорциум клиникаға дейінгі сынақтардан сәтті өткен жағдайда, болашақта нарыққа функционалды тағам немесе биологиялық белсенді қоспа түрінде шығуы әбден мүмкін.
