Қазақ қаламгерлерінің шығармалары бүгінде Қазақстан аумағынан тыс жерлерде де кеңінен оқылуда. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Еуропа мен АҚШ-тан бастап, Қытай мен Таяу Шығыс елдеріне дейін ұлттық әдебиетімізге деген қызығушылық артып келеді.
Отандық авторлардың еңбектері ондаған тілге аударылып, әлемнің жетекші кітапханалары мен жоғары оқу орындарының қорына енгізілуде. Мәселен, қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының антологиялары Біріккен Ұлттар Ұйымының алты ресми тіліне, яғни ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріне аударылып, жарық көрді. Жалпы таралымы 120 мың дананы құраған бұл жинақтар тоқсаннан астам елдегі 23 мың кітапхана мен ғылыми орталықтарға таратылды.
Кейінгі жылдары қазақ қаламгерлерінің жекелеген шығармаларын әлем тілдеріне аудару ісі де айтарлықтай қарқын алды. Атап айтқанда, Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» туындылары ағылшын тілінде сөйледі. Француз тілінде Дулат Исабековтің «Қарғын» романы мен бұған дейін ағылшын, неміс, орыс, өзбек тілдерінде шыққан Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі басылып шықты. Сондай-ақ, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы испан тілінде жарық көрсе, Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесі мен Ілияс Есенберлиннің «Айқас» романы қытай тіліне аударылды. Ал шетелдік оқырмандар арасында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Абайдың «Қара сөздері» және Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы үлкен сұранысқа ие классикалық шығармалар қатарында тұрақты сақталып тұр.
Отандық баспалар ұлттық әдебиетімізді насихаттау мақсатында жыл сайын Франкфурт, Болонья, Абу-Даби, Бейжің және Лондон қалаларында өтетін халықаралық кітап көрмелеріне белсенді қатысып келеді. Былтырдың өзінде Франкфурт жәрмеңкесінде 137 кітап, ал Абу-Дабидегі халықаралық көрмеде 27 басылым таныстырылды. Соның нәтижесінде қазақстандық кітаптар халықаралық байқауларда жоғары бағалануда. Мысалы, 2025 жылы Бакуде өткен «Искусство книги» байқауында «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың әміршісі» басылымы Гран-при жеңіп алды. Сонымен қатар, Абайдың «Қара сөздері» негізінде жазылып, әлемнің он екі тіліне аударылған Гүлмира Амандықованың «Ұрпаққа ұлағат. Завет потомкам» еңбегі «Жыл кітабы» атанып, ЮНЕСКО кітапханасының қорына табысталды.
Ұлттық әдебиетті әлемге танытуда цифрлық платформалар мен арнайы орталықтардың үлесі де зор болып отыр. Бүгінде Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасына әлемнің 125 мемлекетінен оқырмандар кірсе, Ұлттық академиялық кітапхана ресурстарын 120 елдің азаматтары тұрақты түрде пайдаланады. Шетелдіктерді негізінен қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы және түркі әлеміне қатысты зерттеулер мен сирек басылымдар қызықтырады. Бұдан бөлек, Мажарстан, Түркия, Қытай, АҚШ, Франция, Жапония, Италия сияқты әлемнің 41 елінің ұлттық кітапханаларында «Қазақ әдебиеті орталықтары» жұмыс істейді. Бұл орталықтардың кітап қоры үнемі жаңа отандық басылымдармен толықтырылып, оқырмандарға кеңінен жол тартуда.
