Мажарстанның Бугац қаласында Түркі әлемінің археология саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары қауымдастығының (ARICA) үшінші отырысы өтті.

Басқосуда археологиялық мұраны бірлесіп зерттеу, халықаралық ғылыми жобаларды іске асыру және түркі елдерінің археологиялық ескерткіштерінің бірыңғай цифрлық базасын құру мәселелері талқыланды. Алқалы жиынға Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев, Мажарстанның «Тұран» қорының президенті Андраш Биро, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Моңғолияның археология саласындағы ұйымдарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ Мажарстан Ұлттық музейінің басшылығы қатысты. Отырысты ашқан Шаһин Мұстафаев ARICA-ның қалыптасу кезеңінен өтіп, нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған халықаралық ғылыми желіге айналып келе жатқанын атап өтті. Айта кетейік, қауымдастық Түркі академиясының бастамасымен 2023 жылы Самарқандта құрылған. Алдыңғы отырыстар 2024 жылы Шушада, 2025 жылы Анкара мен Газиантепте өткен болатын.

Үшінші отырыстың негізгі бөлігінде бірлескен жұмыстың 4 негізгі бастамасы қаралды. Әр елдің мамандары Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар, көне суару жүйелері, ерте түркі кезеңінің ескерткіштері және Еуразия көшпелілерінің мәдениеті сияқты бағыттар бойынша бірлескен далалық қазба жұмыстарын жүргізеді. Түркі елдерінің археологиялық ескерткіштерінің бірыңғай цифрлық базасы құрылады. Оған нысандардың орналасқан жері, фотоматериалдары, ғылыми сипаттамасы мен зерттелу жағдайы енгізіледі. Ғылыми ұйымдар мен зерттеушілер арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін электрондық дерекқор іске қосылады. Платформада гранттар, экспедициялар мен конференциялар туралы мәліметтер жарияланады. Археологиялық зерттеулердің нәтижелерін талқылап, жаңа жаңалықтарды ортаға салу үшін жыл сайын қорытынды жиын өткізу ұсынылды.

Түркі академиясы басшысының айтуынша, дәл осы төрт бастама ARICA-ны түркі әлемінің ортақ археологиялық мұрасы саласындағы тиімді әрі тұрақты ынтымақтастық платформасына айналдырады. Отырыста Мажарстанмен ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды. Мажар ғалымдары мен зерттеу орталықтарының ғұндар, Еуразия даласы және түркілердің ерте тарихын зерттеуге қосқан елеулі үлесі аталды. Сонымен қатар, жиын аясында «Түркі әлемінің археологтары: қысқаша өмірбаяндар» атты басылымның тұсаукесері өтті. Кітапта түркі елдеріндегі археология ғылымының дамуына еңбек сіңірген көрнекті ғалымдар туралы мәліметтер топтастырылған. Бұл жинақ түркі әлеміндегі ортақ ғылыми жадты жүйелеуге бағытталған.

Кездесу қорытындысы бойынша ARICA үшінші отырысының қорытынды қарары қабылданды. Құжатта бірлескен археологиялық зерттеулер жүргізу, бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыру және ғылыми ақпарат алмасу бағыттары бекітілді.