Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге арналған кеңейтілген отырыс өтті.
Еліміздің жетекші академиктері, тарихшылар, археологтар, палеогенетиктер мен фольклортанушылар басын қосқан бұл алқалы жиында Жошы Ұлысын зерттеуді жаңа ұлттық ғылыми экожүйеге көшіру және заманауи пәнаралық технологияларды кеңінен енгізу мәселелері талқыланды.
Жиынды ашқан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл тақырыпқа ерекше мән беріп отырғанын айтып, Жошы Ұлысының тарихы қазақ мемлекеттілігінің бастауларын тереңнен танытатын аса маңызды бағыт екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл бастамаларды кешенді түрде іске асыру ұлттық тарихымыздың әлемдік тарихнамадағы лайықты орнын айқындауға мүмкіндік береді. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев зерттеу жұмыстарын жаңа сапалық деңгейге көтеру мақсатында бірқатар стратегиялық басымдықтарды ұсынды. Оның ішінде ғылыми зерттеулерді үйлестіретін Республикалық жұмыс тобын құру, жасанды интеллект негізінде «Жошы Ұлысы мен Алтын Орда» бірыңғай көптілді цифрлық платформасын жасау, түркі мемлекеттерінің ғылым академияларымен бірлесіп «Дала өркениетін зерттеу консорциумын» құру және тақырыпты мамандандырылған бағдарламалық қаржыландырудың өзегі ретінде бекіту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ жиында палеогенетика саласындағы тың жаңалықтар да көпшілік назарына ұсынылды. Ғалым Мақсат Жабағин Үлкен Y-700 секвенирлеу технологиясы арқылы Ұлытаудағы ескерткіштерге жүргізілген талдау нәтижелерімен бөлісті. Радиокөміртекті сараптама Жошы хан кесенесіндегі жерлеудің ХІV ғасырға, ал Алаша хан кесенесіндегі жерлеудің ХVІІІ ғасырға жататынын анықтаған. Зерттеу барысында бұл тұлғалардың тікелей Шыңғыс ханның элиталық әулетіне жатпағанымен, империяға одақтас рудан шыққаны мәлім болды. Ең бастысы, ортағасырлық Ұлытау әулеті мен қазіргі қазақтың тама, қарақалпақтың баймақлы рулары арасында тікелей генетикалық сабақтастық бар екені нақты дәлелденіп отыр.
Тарихи мұраны зерттеу ісіне заманауи технологиялар да кеңінен тартылмақ. Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы зерттеуде дрон, LiDAR, фотограмметрия сынды озық тәсілдерді қолдана отырып, тарихи ескерткіштердің 3D-модельдерін жасау жоспарланғанын жеткізді. Сонымен қатар, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов «Едіге», «Қобыланды», «Алпамыс» сынды батырлық жырлардың барша түркі халықтарына ортақ қазына екенін еске салып, Кеңес одағы кезінде идеологиялық қысымға ұшыраған бұл рухани мұраны бұрмалаулардан арылтып, толыққанды ғылыми айналымға қосу қажеттігін айтты. Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Мадияр Елеуов бұл ғылыми бетбұрысты тарихи шындықты қалпына келтіріп, оны заманауи технологиялармен тереңдетудің бірегей мүмкіндігі ретінде бағалады.
Алқалы отырыстың қорытындысы бойынша отандық ғылымды дамытуға бағытталған 3 негізгі құжат мақұлданды. Олар — мамандандырылған Ғылыми бағыт, 2027–2031 жылдарға арналған Флагмандық бағдарлама және 2027-2037 жылдарды қамтитын Кешенді Жол картасы. ҚР Президенті жанындағы ҰАҒ Ғылым орталығының басшысы Жеңісбек Төлен атап өткендей, бұл айтылған ұсыныстар құр сөзбен шектелмей, мемлекеттік деңгейдегі кешенді қадамдардың негізін қалап, Ұлы Даланың бай тарихын әлемдік өркениет төріне жаңа сапада шығаруға қызмет ететін болады.
