Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қажылық және Ұмра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында «Қажылық-2027» маусымына конкурс жариялайды.
Байқаудың басты мақсаты — нарықта адал әрі әділ бәсекелестік орнатып, қажыларға барынша қолайлы жағдай жасау. Іріктеу «Үміткер туроператорларға қажылық орындарын бөлудің ережесіне» сәйкес жүргізіледі. Конкурсқа қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
-
«Қажылық-2027» маусымына дайындығы және нақты игере алатын қажылық орын саны мен мүмкіндігі көрсетілген ҚМДБ атына өтініш хат;
-
ҚР заңнамасына сай туроператорлық қызметті жүзеге асыруға арналған мемлекеттік лицензия және «Туристік қызмет туралы» Заңға (27-3-бап, 1-тармақ) сәйкес берілген қосымша;
-
Салық және басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің жоқтығын айғақтайтын анықтама;
-
Қажылықты ұйымдастыруда кемінде 5 (бес) жылдық оң тәжірибесін растайтын құжаттар;
-
ҚР заңнамасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі (САК) тарапынан қойылған талаптарды бұзбаған болуы;
-
САК Қажылық және ұмра министрлігінің 2027 жылғы талабына сай, әр туроператорға берілетін ең төменгі квота саны 1000 (бір мың) қажыны құрайтынын ескеруі және осы міндеттемені қабылдауы;
-
ҚР аумағында халыққа сапалы қызмет көрсететін ресми кеңсесінің болуы (мекенжай анықтамасы немесе ғимаратты жалдау шарты).
Конкурс жарияланғанға дейінгі соңғы 12 ай ішінде Ұмра (кіші қажылық) сапарларын ұйымдастыру бойынша тұрақты қызмет көрсеткені құжатпен расталуы тиіс. Ол үшін Сауд Арабиясының уәкілетті ұйымдарымен немесе олардың ресми серіктестерімен жасалған қолданыстағы келісімшарттар, соңғы 12 ай ішінде Ұмра сапарын нақты ұйымдастырғанын, туристерді орналастыру, көлік, виза және гид қызметтерін көрсеткенін растайтын құжаттар және шарттардың тиісінше орындалғанын дәлелдейтін бастапқы бухгалтерлік және өзге де құжаттар қажет. Барлық қажетті құжаттар 2026 жылдың 11 тамызынан 21 тамызына дейін hajj@muftyat.kz электронды поштасы арқылы қабылданады. Көрсетілген мерзімнен кешіктірілген туристік операторлардың өтінімдері қаралмайды.
