Елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Астана қаласының Бас имамы Нұрбек Әуесханұлының қатысуымен «Білімді жастар – ел болашағы» тақырыбында жастар ісіне жауапты мамандардың алқалы жиыны өтті.
Жиынға ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Бағыжан Ерболатұлы, Астана қаласы Жастар ісі секторының жетекшісі Шалқар Жолды, сондай-ақ елорда мешіттерінің жастар ісіне жауапты мамандары қатысты. Басқосу барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Төралқа мәжілісінде берген тапсырмалары талқыланып, бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда: жастармен жұмыс істеу бағыттарын жүйелеу; өскелең ұрпақтың діни сауатын арттыру және рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейту; қазан айында өтетін ІІІ Республикалық жастар форумына дайындық; «Жастар әдебі» тұжырымдамасын қоғамда кеңінен дәріптеу; және «Жас еріктілер» қозғалысының жұмысын жандандыру.
Жиын соңында жастармен жұмысты заман талабына сай жетілдіру, ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ ақпараттық жұмыстарда заманауи технологияларды тиімді пайдалану бойынша алдағы нақты міндеттер айқындалды.
