Бүгін — Абай күніне орай Алматыда ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.
Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері, білім беру саласының мамандары және қала жастары қатысты. Жиналған қауым ұлы ойшылдың рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Рәсім соңында Қазақстанның халық артисі Болат Әбділманов «Абайдың жұмбағы» монологын орындап, көпшілікке рухани әсер сыйлады.
Алматыда ақынның өмірі, шығармашылығы мен рухани мұрасына арналған мәдени іс-шаралар жалғасуда. Өткен сенбіде 20 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісова және IL Canto тобымен бірге Абай әндерін шырқады. Бүгін қаланың кітапханалары мен музейлерінде, жастардың комьюнити орталықтарында және өзге де мәдени алаңдарда арнайы тақырыптық кездесулер өтуде.
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (10 тамыз 1845 жыл – 6 шілде 1904 жыл) — ұлы ұстаз, ақын, ағартушы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы әрі қоғам қайраткері. Ол либералды көзқарасты ислам дініне таяна отырып, орыс және Еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор болды. Абай өз шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық және моральдық мәселелерін терең қозғады. Оның өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдардың портретін, мінез-бітімін айқын суреттеудің асқан шебері. Қай шығармасынан да қазақ жерінің, ұлттық сипаттың ерекшеліктері көрініп тұрады. Шығыс елдерінің әдебиетімен терең танысу арқылы шеберлігін шыңдаған ол «Масғұт» және «Ескендір» поэмаларын жазды. Абайдың дүниетанымы сезім мен қисынның, түйсік пен ақылдың қатынасын таразылауға негізделген. Сол себепті ақын өз өлеңінде:
«Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз», – деп өсиет қалдырды.
