Вьетнамдағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Фам Тхи Тхань Чамен кездесті.

Басқосу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалы бағыттары талқыланды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі таңда қос мемлекет арасындағы қарым-қатынас жаңа кезеңге қадам басты. Аида Балаеваның айтуынша, өткен жылы Қазақстан мен Вьетнам байланыстары стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілген. Бұл саяси және экономикалық ынтымақтастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты да тереңдетуге кең мүмкіндік береді. Министр Вьетнамдағы креативті индустриялардың даму барысына тоқтала келе, кинематография, орындаушылық өнер, мәдени туризм, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі қолөнер және заманауи дизайн бағыттарындағы өзара тәжірибе алмасудың әлеуеті зор екенін атап өтті.

Кездесуде тараптар саяхатшыларды елдің мәдени ортасына етене араластыруды көздейтін креативті туризм саласына ерекше назар аударды. Бұл бағыт дәстүрлі қолөнермен, жергілікті салт-дәстүрлермен және ұлттық тағамдармен танысуды, шеберлік сабақтары мен түрлі шығармашылық бағдарламаларға қатысуды қамтиды. Қазақстан мен Вьетнамның тарихи қалаларын, музейлерін, қолөнер орталықтары мен заманауи мәдени кеңістіктерін біріктіретін кешенді туристік бағыттарды бірлесіп әзірлеу де маңызды бастамалардың бірі ретінде қаралды.

Сонымен қатар кинематография саласындағы байланысты жандандыру мәселесі сөз болды. Атап айтқанда, екі елдің кино апталықтарын өткізу, кинематографистердің фестивальдерге қатысу аясын кеңейту, екі мемлекет аумағында түсірілімдер ұйымдастыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру ұсынылды. Жиын қорытындысы бойынша тараптар өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтып, ортақ бастамаларды ілгерілетуге мүдделі екендігін білдірді.