Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстары соңғы кезеңге өтті. Спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың негізгі шаралары 1-6 қыркүйек аралығында Ыстықкөл облысында ұйымдастырылады.

Бұл туралы көрші елдің Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігінің баспасөз хатшысы Урмат Майрамбек уулу мәлімдеді. Қазір халықаралық шараға қатысушылар мен қонақтарды қабылдауға арналған инфрақұрылым бірден алты негізгі нысанда әзірленуде. Биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келетін қонақтардың қарасы қалың болады деп күтілуде. Сондықтан дайындық барысында негізгі нысандармен қатар, аймақтарды ұйымдастырудан бастап келушілердің қозғалысына дейінгі барлық ұсақ-түйекке мән берілуде.

Орнок ауылында орналасқан «Құрманжан датқа» — көшпенділер өркениетінің орталығында Art-Lab және түрлі ғылыми конференциялар ұйымдастырылады. Қазір мұнда инфрақұрылымдық жұмыстар, соның ішінде қосымша санитарлық аймақтарды жасау аяқталуға жақын. Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух Ордо» орталығында дәстүрлі музыкалық аспаптар мен вокалдық өнер байқаулары өтеді. Ұйымдастырушылар 60-80 елдің өкілдері қатысып, өз халқының музыкалық мұрасын таныстырады деп күтуде. Чолпон-Ата ипподромындағы үлкен аренада өзіндік ерекше дауысы бар әншілер қатысатын «Көшпенділер үні» байқауы өтеді. Ипподромдағы негізгі жөндеу жұмыстары аяқталып, көрермендерге арналған орындар жаңартылған.

Чолпон-Ата ипподромының жанына 10 мың көрерменге арналған жылжымалы трибуна орнатылды. Урмат Майрамбек уулының айтуынша, бұрын көрермендер көкбөрі мен көкпарды 100-150 метр қашықтықтан тамашаласа, енді жаңа трибунаның арқасында жарысты 10 метрге дейін жақын жерден көре алады. Бостери ауылында орналасқан «Дордой Номад» амфитеатрында этникалық сән байқауы ұйымдастырылады. Оған 80-100 елдің өкілдері қатысады деп жоспарлануда. Ойындардың ең ауқымды алаңында екі үлкен тақырыптық қалашық — «Этно-базар» мен «Этно-ас үй» құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Қырчын аумағында киіз үйлер тігіліп, Қырғызстанның жеті облысы өз ордоларын таныстырады.

Жалпы алғанда, алты күн ішінде осы алты негізгі нысанда 600-ге жуық мәдени іс-шара өткізу жоспарланған. Іс-шара барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ішкі істер министрлігінің барлық өңірден келген қызметкерлері жұмылдырылады.